ШҚО-да мектеп оқушылары сарбаздарға хат жолдады

Ұлан ауданына қарасты «Таврия» орта мектебінің оқушылары мерзімді әскери қызметшілерге хат жазуда. Игі бастама оқушылар мен сарбаздар арасындағы қарым-қатынасты нығайта түспек. Күні ертең Отан алдындағы борышын атқаруға құлшынған білім алушылар үшін әскердегі өмір қызығушылық тудырады. Сондықтан, бір топ мектеп оқушысы Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің сарбаздарына хат жазды.
– Әрине, сарбаздарға хат жазып, мазалаған сұрақтарына жауап іздеген оқушылардың біразы ер балалар. Өйткені, оларда мерзімі жеткенде әскер қатарына шақырылады. Дегенмен, қыздар үшін де сарбаздар өмірі ерекше толғандырады. Мен мысалы, мерзімді әскери қызметшілерді өткен Наурыз мерекемесімен құттықтап, жауынгерлік қызметіне сәттілік тіледім, – дейді Таврия орта мектебінің оқушысы Елизавета Боровикова.
Мектеп оқушыларынан толассыз хаттар алған мерзімді әскери қызметшілер жас өрендердің әрбір сұрағына барынша шынайы жауап беруге тырысты. «Шығыс»өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаевтың айтуынша, бұл бастаманың Отан сүйгіш жас буын үшін маңызы зор.
– Оқушылар әскер жайын дәл қазіргі уақытта Отан алдындағы борышын абыройлы түрде атқарып жатқан сарбаздардың өздерінен сұрағысы келеді. Меніңше, бұл дұрыс бастама. Сарбаздарға ұсынылатын ас мәзірінен бастап, жауынгерлік қызметте қандай тосқауылдардың орын алуы оқушы қауым үшін қажетті ақпарат болып саналады. Сарбаздар үшін де әскерге шақырылған өңірден іні-қарындас тауып, бағыт берер жігіт ағасына айналғаны қуанышты,- дейді отставкадағы полковник Айдар Оразбаев.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі