АБАЙ ОБЛЫСЫНДА «АДАЛ АЗАМАТ» БІРТҰТАС ТӘРБИЕ БАҒДАРЛАМАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының жүзеге асырылуы аясында облыс әкімі Берік Уәлимен MEETUP-кездесу өтті. Шараға облыстық мәслихат төрағасы, ардагер ұстаздар, жоғары оқу орындарының басшылары, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері мен студенттер қатысты.
Отырыстың ашылуында сөз алған облыс әкімі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы жоғары екенін айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты отырысында
сөйлеген сөзінде Абай мұрасына сүйене отырып, «Адал азамат» тұжырымдамасының маңызын айрықша атап өтті.
«Президентіміздің «Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек»деген сөзі барша білім саласы өкілдеріне ортақ қағида болуға тиіс. Ұрпаққа берілетін білімнің мазмұны мен тәрбиенің бағыты бір арнада тоғысқанда ғана біз саналы да салиқалы тұлғаны қалыптастыра аламыз. Адалдық – қай заманда да адам баласының ең асыл қасиеті болған. Сондықтан біз жас ұрпаққа тек білім ғана беріп қоймай, ойына парасат, бойына ізгілік дарытуымыз керек. Бұл жолда ең үлкен жауапкершілік, әрине, ұстаздар мен білім саласының майталмандарына жүктеледі» деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі жиында өңірдің білім саласында жүзеге асырылатын жобаларға тоқталып, Президент тапсырмасымен Семейдегі Оқушылар сарайының құрылысын аяқтауға қаржы бөлінгенін айтты. Аймақтағы жастардың бастамаларын қолдау мақсатында Жастар ісі жөніндегі басқарма құрылатынын жеткізді.
Кездесуде Қазақстанның Еңбек Ері, ардагер ұстаз Алма Шүкіжанова, Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры Шағангүл Жанаева, облыстық білім қызметкерлерінің ардагерлер кеңесінің төрайымы Мәдениет Ахметова, Әлихан Бөкейхан университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Айрат Базенов, республикалық «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» байқауының жеңімпазы Ирина Бочарова, «Қазақстан Республикасының үздік 100 студенті» байқауының жеңімпазы Шоқан Баймулаев баяндама жасап, ой-пікірлерін ортаға салды.
Кездесудің сұрақ-жауап бөлімінде қатысушылар облыс әкіміне сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін айтты. Аймақ басшысы өңірде жүзеге асырылатын маңызды жобаларға тоқталып, аймақтың дамуына, ауылдарды өркендетуге, абаттандыруға, «Таза Қазақстан» бағдарламасына, әлеуметтік нысандар салуға қатысты жоспарларымен бөлісті.
Аймақ басшысы кездесу алдында Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сынды тұлғалар білім алған, 120 жылдық тарихы бар оқу орнының кабинеттерін аралап, музей мен кітапхана жұмысымен танысты.
Кездесу аясында облыс әкімі «Шабыт», «Smart bala», «Балалар кітапханасы», «Қамқор», «Еңбегі адал – жас өрен», «Ұшқыр ой алаңы» жобалары бойынша ұйымдастырылған көрмені тамашалады.