Жаңалықтар

ШҚО әкімі жұмыс сапары барысында Алтай ауданындағы су тасқынына дайындықты тексерді.

 

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапары барысында Алтай ауданына барып, су басу қаупі жоғары аймақтарды аралап, тасқындарға дайындықты тексерді.
Соловьево ауылында облыс әкімі Березовка өзені арқылы жаңадан салынған көпір мен бөгетті қарап шықты. Бұл жерде өзен арнасын тереңдету, тазарту жұмыстары және ұзындығы 1000 метрлік бөгетті нығайту шаралары жүргізілген.
Сондай-ақ, ол 1968 жылы салынған және ағын суды реттеуге арналған Екінші өзендегі гидротехникалық нысан мен су ағынын реттейтін құрылғылардың (шлюздердің) жай-күйін тексерді. Қазіргі уақытта бұл ГТС қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, барлық су өткізу құбырлары тазартылған.
Сапар барысында облыс әкімі тасқын қаупі кезеңіне арналған техникалардың дайындығын да бақылап шықты. Алтай ауданында жедел әрекет ету жасағының 105 қызметкері мен 44 техника дайын тұр.
– Дегенмен, босаңсуға әлі ерте. Себебі Алтай және Марқакөл аудандарында қар мөлшері өте көп түсті, сондықтан бұл аймақтар ерекше бақылауда. Алтай ауданында су басу қаупі бар аймаққа Богатырев су қабылдағышының бір бөлігі мен 13 елді мекен кіреді. Бұл елді мекендерді қорғау үшін 18 бөгет жасалған, алдын алу шаралары жүргізілді, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сапар аясында облыс әкімі Алтай қаласындағы екінші өрт сөндіру бөлімшесінің құрылыс орнына да барды. Ол бұл нысанның төтенше жағдайларға жедел әрекет ету уақыты мен қызмет көрсету аумағын арттыру үшін қажеттігін атап өтті.
Барлық гидробекеттерде күнделікті мониторинг жүргізілуде. Су тасқыны жағдайы өңірлік штабтың тұрақты бақылауына алынған.

Back to top button