Жаңалықтар

Ұлан ауданында жаңа музыка мектебі ашылды

 

18 сәуір күні Ұлан ауданының орталығында Қасым Қайсенов кентінің балалары, ата-аналары мен мұғалімдері үшін қуанышты оқиға орын алды – заманауи жаңа музыка мектебінің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Министрдің айтуынша, бұл мектептің ашылуы – Ұлан ауданы үшін маңызды оқиға әрі шығармашылыққа бейім балалардың қабілеттерін дамытып, өнерге деген қызығушылығын арттырып, сапалы білім алуына үлкен мүмкіндік.
«Сіздерді шын жүректен жаңа музыка мектебінің ашылуымен құттықтаймын! Бұл – жас ұрпақтың болашағына жол ашатын дарын ордасы. Бұл маңызды оқиғаның Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өтіп жатқаны – ерекше мәнге ие.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында қосымша білім беруді өсіп келе жатқан ұрпақтың жан-жақты тәрбиесінің негізгі элементі ретінде дамыту қажет екенін атап өтті. Ол білім мен тәрбие қатар жүруі тиіс екенін айтты. «Адал азамат» бағдарламасы – ұлттық құндылықтарға сай адал әрі білімді ұрпақ тәрбиелеудің негізі болады», – деді министр.
Шығыс Қазақстан облысы балаларды қосымша біліммен қамту бойынша республикада алдыңғы қатарда – бұл көрсеткіш 94%-ды құрайды.
Жаңа музыка мектебінің ашылуы – 500-ден астам баланың домбыра, скрипка, фортепиано, жетіген, шертер, қылқобыз, гитара аспаптарында ойнауды үйренуге, хореография, вокал, театр өнері және басқа да бағыттарда білім алуға мүмкіндік беретін жарқын мысал.
«Бұл – балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, өнерге баулитын ерекше білім ордасы болады», – деді құттықтау сөзінде ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Әкім балаларға халықаралық, республикалық және облыстық байқауларда жоғары жетістіктерге жетуді тіледі.
Жаңа мектеп ғимаратында заман талабына сай жабдықталған 14 оқу кабинеті бар. Хореография кабинеті айналар мен станоктармен толық жабдықталған. 126 орындық концерт залында ұзындығы 9 метр, биіктігі 4 метр болатын LED-экран орнатылған. Бұл мәдени және оқу іс-шараларын жоғары деңгейде және көп көрерменнің қатысуымен өткізуге мүмкіндік береді.

Back to top button