Жаңалықтар

Экология министрі Шығыс Қазақстан облысында болды

 

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысындағы орман шаруашылықтарында болды.

Салалық министр Асубұлақ, Верх-Уба орман шаруашылықтарында болып, ағаш отырғызу жұмыстарымен таныс болды. Министр орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы көлемін, жабдықталу жағдайларын да бағдарлады.
Күн тәртібінде тұрған тағы бір маңызды сұрақ – орман өртінің алдын-алу. Былтырғы жаз мезгілінің ылғалды болуына байланысты шөп қалың өсті. Биыл қураған шөп көлемінің мол болуы, ауа-райы болжамының аптап ыстық болатынын хабарлауы уайым туғызып отыр.

– Орман шаруашылығы мекемелеріне биыл қарастырылған, лизингпен берілетін техниканың саны біршама. Биыл Шығыс Қазақстан облысына 47 автоцистерна, 43 тракторлар, 34 кіші орман өрті кешендерін сатып алу көзделеді, – деді Ерлан Нысанбаев ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі.
Ерлан Нұралиұлы Риддер орман шаруашылығының қызметімен, құрамдық күшімен және жабдықталу жағдайымен де таныс болды. Кейін, Риддер аграрлық-техникалық колледжінің студенттерімен бірге көшет отырғызды.

– Бүгін ағаш отырғыздық. Бұл да бір тарихи жағдай. Жалпы «Таза Қазақстан» деп ұран салып қарсы алған жастардың экологияға деген көзқарасы көп өзгергені байқалып отыр. Мемлекет басшысының бастамасы тек қана халықты біріктіріп қоймай, патриоттық сезімімізді оятты, – деді министр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика көлемінде 2 млрд түп ағаш отырғызу міндеті тұр. Биыл ғана Шығыс Қазақстан облысында 15.7 миллион ағаш отырғызу жоспарланған.

Back to top button