Жаңалықтар

ШҚО – дағы Самар ауданында Подгорное ауылынан шыққан үш Кеңес Одағының Батырына құрмет көрсетілді

 

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Самар ауданына қарасты Подгорное ауылында ауыл тұрғындарымен бірге Кеңес Одағының үш Батыры – Н.Я. Фонов, С.Е. Седнев және И.М. Яроцкийге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою салтанатты рәсіміне қатысты.

Николай Яковлевич Фонов – 1942 жылдан бастап Ұлы Отан соғысына қатысып, 47-армияның 30-атқыштар дивизиясы 59-артиллериялық полкінің зеңбірек командирі болған. Ол Брянск, Солтүстік Кавказ, Воронеж және 1-Украина майдандарында шайқасты. 1943 жылы жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны және көрсеткен ерлігі үшін сержант Н.Я. Фоновқа КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табысталады.

Сергей Егорович Седнев – 47-армияның 23-моторлы понтон-көпір батальонының моторисі болған. 1941 жылдан бастап Брянск, Воронеж және 1-Украин майдандарында шайқасты. Днепрден өту кезінде көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін ефрейтор С.Е. Седневке 1944 жылы КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табысталады.

Иван Михайлович Яроцкий – Тынық мұхиты флотының 13-бригадасы 390-теңіз жаяу әскері батальонының автоматшылар ротасының командирі болған. 1940 жылы кіші лейтенант шенінде Тынық мұхиты флотына келген. Жапониямен соғысқа қатысқан. 1945 жылы жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны, ерлігі мен батырлығы үшін аға лейтенант И.М. Яроцкийге КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табысталады.

Іс-шара аясында облыс әкімі тыл еңбеккері Елизавета Гавриловна Бикбаеваға Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медалін табыстады.

Back to top button