Қазақстан және ЕАЭО: Экономикалық жетістіктер мен ел үшін негізгі тиімділігі

Қазақстан Еуразияның тура орталығында орналасқан және оның аумағы арқылы Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты өңірін байланыстыратын маңызды бағыттар өтеді. Бұл біздің елімізді ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан нарықтар арасында байланыстырушы буынға айналдырып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан ашық әрі өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты көздейді. Бұны еліміздің Еуразиялық экономикалық одақ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы сияқты түрлі халықаралық және өңірлік ұйымдарға қатысуынан-ақ көруге болады.
Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) Еуразия өңіріндегі ең тұрақты әрі серпінді дамып келе жатқан экономикалық интеграциялық бірлестіктердің бірі ретінде танылып отыр. Оның басты мақсаты – тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету.
ЕАЭО-ға қатысу инвестиция тартуға, сыртқы сауданың көлемін ұлғайтуға, бірлескен өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға, қолданыстағы және жаңа көлік-логистикалық тізбектерді дамытуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде ел экономикасын жаңғыртуға оң әсерін тигізеді.
Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы негізгі жетістіктер мен артықшылықтар:
Ең алдымен, ортақ тауар нарығын қалыптастыру үдерісінде айтарлықтай ілгерілеушілік байқалады. ЕАЭО аясында кедендік декларациялау алынып тасталды. Бұл тауарлардың кедергісіз қозғалуын қамтамасыз етіп, бизнестің уақыт және қаржылық шығындарын азайтады.
Мүше мемлекеттер арасында өзара сауда барысында кедендік баж салығы мен алымдар алынбайды, тарифтік емес шектеулер қолданылмайды. Бұл бизнеске экспорт және импорт шығындарын төмендетуге мүмкіндік берсе, халық үшін – бәсекелестіктің артуы есебінен тауарлардың кең таңдауына, қолжетімді бағасына және сапасының жоғарылауына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы және Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекарадағы санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық бақылау жойылды. ЕАЭО мүше мемлекеттерінде берілген санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық қауіпсіздік сертификаттары өзара танылады.
Техникалық реттеу саласында қазақстандық кәсіпкерлер өнім қауіпсіздігіне қосымша талаптарды орындаудан (техникалық регламенттерде қарастырылмаған), сәйкестікті бағалаудың қосымша рәсімдерінен босатылды. Бүгінде ЕАЭО елдерінің бірінде бірыңғай үлгімен сәйкестік сертификатын алу арқылы қалған төрт елде де еркін сауда жасауға болады.
Қазіргі уақытта 52 техникалық регламент қабылданып, оның 48-і күшіне енді. Олар ЕАЭО ортақ нарығында айналымда жүрген өнімдердің шамамен 90%-ын қамтиды.
Мемлекеттік сатып алу саласында
ұлттық режим енгізілген, яғни ЕАЭО-ға мүше қай елден келгеніне қарамастан, барлық жеткізушілер үшін тең жағдай жасалған. Қазақстан Республикасының ЕАЭО мүше мемлекеттерінің мемлекеттік сатып алуларына қатысуы арқылы отандық бизнес көлемі шамамен 135 млрд АҚШ долларына тең нарыққа қатысуға мүмкәндік алып отыр.
Салықтық реттеу саласында
қосарланған салық төленбейді. Қосымша құн салығы тағайындалған ел қағидаты бойынша төленеді. Жұмыс күші нарығы да жоғары деңгейде ырықтандырылды.
Атап айтқанда, ЕАЭО аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы азаматтары үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мысалы, ҚР азаматтарына ЕАЭО елдерінің азаматтарымен тең негізде әлеуметтік қамтамасыз ету мен тегін медициналық көмек алу құқығы беріледі.
Қазақстан Республикасы азаматтарының білім туралы құжаттары ЕАЭО елдерінде мойындалу рәсімінсіз танылады
(медициналық және фармацевтикалық қызметтен басқа). Сонымен қатар, ҚР азаматтарының ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру барысында жинақтаған зейнетақы құқықтарын қалыптастыру, сақтау және пайдалану құқығы бар.
PhD философия докторы, бейіндік доктор, ғылым кандидаты және ғылым докторы дәрежелері туралы құжаттар өзара танылады.