Жаңалықтар

Абай облысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қорытындысы шықты

 

Өңір тұрғындары жергілікті ресурстарды танымал брендтерге айналдырып, мемлекеттік гранттар алуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Нұрасыл Мұратов баяндады.

– Атаулы жобаға Абай облысының Кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсетіп отыр. Былтыр жобаға өңір кәсіпкерлерінен 29 өтінім түсті. Семей қаласын қоса алғанда, 40-тан астам кеңес беру шаралары өтті. 22 тамызда 20-дан астам қатысушы өз өнімдерін ұсынған жәрмеңке ұйымдастырылды, – деді Нұрасыл Мұратов.

Жобаның маңызды кезеңдерінің бірі брендтік комитет пен арнайы комиссияның жұмысы. Олар төрт финалисті іріктеп алып, қыркүйек айында жеңімпаздарға сертификаттар табыстаған.

– 28 қазан мен 1 қараша аралығында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік гранттар байқауы өтті. Нәтижесінде екі қатысушы – Раушан Мұқажанова мен Гүлмира Айғожина 5 миллион теңгеден грант иегері атанды. Бұл қаражат олардың өндірісін кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік береді. 2023 жылғы финалистер жайлы атап өтсем, Нұрзия Тәшімова мен Айзере Амангелдиеваға Кәсіпкерлер палатасы өнімді ілгерілету, патенттеу, маркетплейстерге шығу және бренд айдентика жасау бойынша оқыту өткізуде, – деп атап өтті бөлім басшысы.

Спикердің айтуынша, желтоқсан айында қаладағы сауда үйлерінің бірінде өткен кең көлемді жаңажылдық жәрмеңкеге 30-дан астам кәсіпкер қатысқан. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес пен шетелдік серіктестер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған «Іскерлік байланыстар» жобасы қолға алынуда.

Back to top button