Ерте кәсіби бағдар беру – жобада басты басымдық: министр жаңа форматтағы мектептердегі білім беру процесі туралы айтты

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған мектептердегі оқыту жүйесінің басым бағыттарына кеңінен тоқталды. Бұл мектептердегі тәрбие процесі тек білімді ғана емес, сонымен қатар, «Адал Азамат» атты жоғары моральдық қасиеттерге ие және қоғамның дамуына үлес қосуға дайын жауапты, адал, бастамашыл азаматты қалыптастыруға бағытталған. Осы арқылы балалар ерте жастан бастап еңбекті құрметтеу, әлеуметтік әділеттілік, адалдық және жауапкершілік қағидаларын үйренеді. Сонымен қатар, жоба аясында ұлттық мәдениет пен күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде экологиялық тәрбие қалыптасады.
«Бұл «Таза Қазақстан» республикалық акциясы идеяларының қисынды жалғасы: экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру біздің балалармен жұмысымыздың маңызды бағытына айналуда. «Бастауыш сыныптардан бастап түрлі мамандық иелерімен кездесулер, жобалық апталар ұйымдастырылады. 7-сыныпта оқушылар үшін тереңдетілген бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім беру курстары енгізіледі. Бұл үдерісті тиімді үйлестіру және басқару мақсатында «Мансап компасы» арнайы цифрлық платформасы әзірленуде. Ол оқушыларға болашақ кәсіби бағытын және әрі қарайғы білім алу жолын саналы түрде таңдауға көмектеседі», – деді министр.
Оқушыларды еңбекке баулу және олардың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында мектептерде әмбебап шеберханалар мен студиялар, сондай-ақ ерте кәсіби білім беруге арналған арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған. Атап айтқанда, тігін, аспаздық, ІТ, ағаш шеберханасы және басқа да бағыттар бойынша оқу бөлмелері қажетті заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.