Түркістанда этномедиацияны дамытуға арналған семинар басталды

Семинарда этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, дау-дамайдың алдын алу бағытында келелі ойлар айтылды.
Алқалы басқосуға құзырлы органдардың лауазымды тұлғалары мен өкілдері, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен ішкі саясат бөлімінің басшылары, ауыл округ әкімдері мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аудандық, қалалық филиалдарының басшылары қатысуда.
Жиынның ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірлікті нығайту бағытында жүйелі жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Қазақстан халқы Ассамблеясының этномедиация саласындағы «Елдесу және татуласу» жобасын іске асыру мақсатында жыл сайын семинарлар өткізіліп жатқанын айтып, өңірде этномедиация қызметін ілгерілетуде тиісті жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталып, осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Семинарға кәсіби медиатор Гүлжан Қожахметова, Түркістан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалының директоры Әсет Абжақов қатысып, медиация сала¬сына қатысты түрлі тақырыптарда баяндама жасады. Жиынға қатысушылар спикерлерге сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Айта кетейік, семинардың соңғы легі 23 мамыр күні аяқталып, барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады.