Қабанбай ауылында «Табиғатты аяла – гүл отырғыз!» экологиялық акциясы ұйымдастырылды

Көктемнің шуақты, жан жадыратар күнінде табиғатқа бейжай қарамайтын жанашыр жүректер тағы да бірігіп, игілікті іске ұйысты.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Қабанбай ауылдық округі әкімшілігінің ұжымы «Табиғатты аяла – гүл отырғыз!» атты экологиялық акцияға белсене қатысты.
Бұл жай ғана көгалдандыру жұмысы емес. Бұл – табиғатқа деген мейірімнің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің нақты іспен көрініс табуы. Қызметкерлер әкімшілік ғимарат аумағы мен «Ауылым – алтын бесігім» саябағын тазартып, түрлі түсті гүлдер отырғызу арқылы ауыл келбетіне ерекше сән берді. Атап айтқанда, 120 дана петуния гүлінің әр түрі егілді. Алқызыл, көк, ақ және күлгін түсті бұл гүлдер мекеме мен саябақтың ажарын аша түсті.
Петуния гүлі – түрлі түсті, хош иісті, ұзақ гүлдейтін сәндік өсімдік. Ол тек табиғатты көріктендіріп қоймайды, сонымен қатар жанға жайлылық пен тыныштық сыйлайды. Әр отырғызылған гүл – болашаққа қалдырылған жасыл аманат, табиғатпен үйлесімді өмір сүру мәдениетінің белгісі.
– Біздің мақсатымыз – тек аумақты көркейту емес, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, тазалық пен экосананы қалыптастыру. Бұл – қоғамның әр мүшесі үлес қоса алатын ортақ іс. Табиғатты аялау – жүрекпен сезініп, қолмен іске асатын қасиетті қадам. Бір тал егіп, бір гүл отырғызу арқылы біз табиғатқа жан бітіріп, келешек ұрпаққа өнеге қалдырамыз, – деді ұйымдастырушылар.