Мектебім, саған мың алғыс!

Бүгін Ұлытау облысының білім ошақтарында білім алған 1842 оқушы алтын ұямен қоштасты. Барлық қала-ауданда салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, түлектер үлкен өмір жолына қадам басты.
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған қаласындағы №7 мектеп-лицейінде өткен жиынға арнайы қатысып, ұстаздар мен ата-аналарға алғысын, түлектерге лебізін жеткізді.
«Еліміз сіздерге үміт артады. Қай жолды таңдасаңыздар да – білімде болсын, еңбекте болсын – жүректеріңіздегі отты сөндірмей, адамдықты ту етіп, елге қызмет етуге ұмтылыңыздар! Облысымыздың дамуына үлес қосатын мықты маман болып туған жерге оралуларыңызға тілектеспін»,-деді өңір басшысы өз құттықтауында.
Айта кету керек, биыл Ұлытау облысы бойынша 1 842 оқушы 11-сыныпты, ал 3 806 оқушы 9-сыныпты аяқтап отыр. Оның 71-і «Алтын белгіге» үміткер.
Салтанатты жиында түлектер ұстаздарына және ата-аналарына алғыс айтып, мектеппен қимастықпен қоштасты. Ұстаздар шәкірттеріне сәт сапар тілеп, әрқайсысына зор үміт артатынын жеткізді.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласып, түлектерге арналған түрлі көріністер мен музыкалық қойылымдар ұсынылды.