Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: СТУДЕНТТЕРГЕ ЖҰМЫСШЫ КӘСІП ИЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ФИЛЬМ КӨРСЕТІЛДІ

Түркістанда колледж студенттеріне Жұмысшы кәсіптер жылы аясында түсірілген тәрбиелік бағыттағы қысқаметражды фильм көрсетілді. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында жұмысшы мамандықтарының маңызын арттырып, еңбекке құрметпен қарауға үндеу.

Фильмнің басты кейіпкері — Құдайберген Молдабеков, өз еңбек жолын қарапайым электромеханик қызметінен бастап, кейін аудандық колледждің директоры лауазымына дейін көтерілген ардақты ұстаз. Картинаның авторлары оның өмірі мен еңбек жолын мысал ете отырып, әрбір кәсіптің қадірлі екенін, табандылық пен адал еңбектің арқасында биік белестерге жетуге болатынын жеткізеді.

— Фильмнен Құдайберген ағамыздың жастайынан ізденіп, білім алып, ештеңеден тайсалмай еңбек еткені анық көрінеді. Ол – біз үшін үлгі боларлық тұлға, – деді көрермендер қатарында болған студент Бақыт Шалқар.

Айта кетейік, Түркістан облысында 50 колледж жұмыс істейді, олардың ішінде 43 оқу ордасы жұмысшы мамандықтарына мамандар даярлайды. Бүгінде бұл оқу орындарында 45 мыңнан астам студент білім алуда.

Іс-шара аясында студенттермен арнайы кездесу ұйымдастырылып, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар, техникалық білімнің артықшылықтары мен кәсіптік бағдар беру жайлы пікір алмасу өтті. Ұстаздар мен еңбек ардагерлері жастарды жұмысшы кәсібін таңдаудан ұялмауға, керісінше сол саланың дамуына үлес қосуға шақырды.

Облыстық білім басқармасының өкілдері мұндай жобалардың жастарға үлкен мотивация беретінін және жұмысшы кадрлар даярлауға бағытталған саясаттың маңызды бөлігіне айналып отырғанын атап өтті.

Back to top button