Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында жаңа ірі қалалық саябақтың құрылысы қарқынды түрде жалғасуда

Бұл – өңірдегі ең ауқымды жобалардың бірі болып табылады. Саябақтың орталығында үлкен жасанды көл салынады. Аталған жоба тұрғындар мен қала қонақтарына жайлы демалыс аймағын қалыптастыруды көздейді.
Қала әкімі Азимбек Пазылбекұлы құрылыс барысын өзі барып тексерді. Сапар аясында ол мердігер ұйымдар мен салалық мамандармен кездесіп, нысанның қазіргі жағдайымен танысты. Құрылыс барысында анықталған бірқатар кемшіліктер бойынша нақты тапсырмалар беріп, оларды жедел түрде түзетуді, сондай-ақ жұмыстардың сапалы әрі уақытында аяқталуын қамтамасыз етуді жүктеді.
Саябақтың жалпы аумағы 32 гектарды құрайды. Оның дәл ортасында үлкен жасанды көл салынады, бұл аумақтың басты көрнекі нысаны болмақ. Саябақ аумағында жаяу жүргіншілерге арналған көпір, субұрқақтар, сарқырама, бақылау алаңдары, сәулеттік аркалар, арнайы орындықтар, сондай-ақ заманауи қоғамдық тамақтану орындары қарастырылған.
Жоба заманауи талаптарға сай жоспарланып, саябақ қалалық ортада отбасылық демалыс, серуендеу, мәдени және бос уақытты өткізуге арналған жан-жақты кеңістік болмақ. Құрылыс кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Қазіргі уақытта негізгі нысандар бой көтеруде және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Саябақты толық аяқтау және халық игілігіне беру 2025 жылға жоспарланған. Бұл жоба Түркістан қаласының туристік тартымдылығын арттырып, тұрғындар үшін сүйікті демалыс орнына айналатыны сөзсіз.