Түркияның көне жазбалары ЮНЕСКО-ның жаһандық тізіміне енді

Түркияның оңтүстігіндегі Османие облысында орналасқан Қаратепе-Асланташ ашық аспан астындағы музейіндегі қос тілде жазылған көне жазбалар UNESCO-ның «Дүниежүзінің Жадындағы Құжаттық Мұралар» тізіміне енді.
Бұл – ежелгі Киликия жерінен табылған, шамамен 2 800 жыл бұрын жасалған, финикия және лувий (анатолиялық иероглиф) тілдеріндегі ұзақ мәтіндер. Қарапайым жазбалар емес – бұл тасқа бедерленген тарихи оқиғалар, яғни көне дәуір билеушісі Азативатастың ел басқарудағы жетістіктері туралы баяндайтын ресми хроника.
Қаратепе-Асланташ — қазіргі Түркиядағы ең алғашқы ашық аспан астындағы музей және 2020 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра нысандарының алдын ала тізіміне енген. Жазбалардың ресми түрде жаһандық мәдени мұра ретінде мойындалуы Түркияның тарихи құндылықтарды сақтау ісіндегі табанды еңбегін дәлелдейді.
Нео-хетт өркениетінің ізі және ерекше археологиялық жаңалық
Қаратепе-Асланташ музейі Османие облысындағы Кадирли қаласынан 24 шақырымдай шығыста орналасқан. Б.з.д. VIII ғасырда Хиява (Аданава) шаһар-мемлекетінің шекаралық қамалы ретінде тұрғызылған. Бұл бекініс Ассирия шабуылынан кейін жойылғанымен, көне дәуірдің тылсым сырын бүгінгі күнге жеткізіп отыр.
Мұндағы ең бағалы жәдігер — финикия және лувий тілдерінде жазылған қос тілді жазбалар. Бұл мәтіндер тек археология үшін ғана емес, финикия жазуы мен хетт тілін зерттеушілер үшін де аса маңызды ғылыми жетістік болды.
Археология мен табиғат үндестігі
1950 жылдары түрік археологы Халет Чамбелдің жетекшілігімен Қаратепедегі ескерткіштер алғашқылардың бірі болып орны мен табиғи ортасында сақталып қалды. Бұл жердің тарихи ескерткіш аймағы және ұлттық парк ретінде танылуына да сол кезеңдегі жұмыс ықпал етті.
Бүгінде Қаратепе-Асланташ ашық аспан астындағы музейі тек ежелгі бекініс қақпалары мен арыстан, сфинкс бейнеленген тас бедерлерімен ғана емес, табиғи сұлулығымен де туристерді тартады. Музей аумағында орналасқан Асланташ су қоймасы мен орман алқаптары табиғатты сүйетін жандар үшін де тартымды мекен.