Жаңалықтар

Ұлытау облысында су айдындарындағы қауіпсіздік – басты назарда

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде шомылу маусымындағы су айдындарындағы қауіпсіздік шараларына арналған брифинг өтті. Спикер ретінде Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Совет Біржан Тұрсынбайұлы сөз сөйледі.

Брифинг барысында спикер шомылу маусымына дайындық жұмыстары және су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан кешенді шаралар туралы баяндады. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссия отырысында маусымға дайындық мәселесі қаралып, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға нақты тапсырмалар берілген. 2025 жылғы шомылу маусымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген.

Су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында:

• Құтқарушылар тарапынан 500 патрульдік іс-шара,

• Полиция қызметкерлерімен бірлесіп 160 рейд,

• Прокуратура өкілдерімен 2 рейд жүргізілген.

Судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабына сәйкес 23 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы 680 236 теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның ішінде 2 хаттама – заңды тұлғаларға, 18 хаттама – жеке тұлғаларға тиесілі. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2023 жылы – 1 хаттама, 2024 жылы – 17 хаттама тіркелген.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен халық көп шоғырланған орындарда түсіндіру және насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда:

• 10 брифинг,

• Газет беттерінде 33 мақала,

• Әлеуметтік желілерде 69 ақпараттық жарияланым жарық көрген.

Дегенмен, қабылданған шараларға қарамастан, шомылу маусымы басталғалы бері облыс аумағында 2 адам суға кеткен (Жезқазған қаласы – 1, Жаңаарқа ауданы – 1). Сонымен қатар, шомылу маусымына дейін Ұлытау ауданында 1 адам суға батқан. Бұл жағдайлар суға түсуге тыйым салынған жерлерде тіркелген.

Облыс аумағында 5 рұқсат етілген су айдыны (4 – шомылуға, 1 – байдаркамен спортпен шұғылдануға арналған) және 43 тыйым салынған орын ресми бекітілген. Барлық тыйым салынған аймақтарда 97 қауіпсіздік белгісі орнатылған.

Сондай-ақ, облыс әкімдігі Жезқазған қаласындағы Кенгір су қоймасы маңында 100 метрлік жабдықталған тегін коммуналдық жағажай ашу үшін жергілікті бюджеттен 92 млн теңге бөлді. Қазіргі таңда конкурс комиссиясы жұмыс жүргізіп жатыр, нысан шілде айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Брифинг соңында спикер судағы қауіпсіздік шаралары облыс әкімінің және ТЖД-ның ерекше бақылауында екенін атап өтті.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button