ШҚО-дағы басым бағыттар – ШОБ, туризм және цифрландыру

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен отырыста өңірдің жарты жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жартыжылдыққа арналған міндеттері қаралды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының ақпараты бойынша, ағымдағы жылдың 6-айында әлеуметтік-экономикалық дамудың көптеген көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалса, тек өнеркәсіп пен жеке инвестиция көлемінде төмендеу байқалады.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі
-101,2%-ды, құрылыс жұмыстары
– 102,4%-ды, ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі
– 104,6%-ды, оның ішінде ауыл шаруашылығы
– 104,8%-ды,
-сауда саласы – 102,8%-ды құрады. 145,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 102,9%-ды көрсетті. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 115,8 млрд теңгені құрап, өсім 122,7%-ды көрсетті. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 62,8 мың бірлікті құрап, 100,9%-ға өсті.
«Өңір экономикасында өнеркәсіптің үлесінің жоғарылығын және сыртқы ахуалдың ықпалын ескере отырып, негізгі міндет – экономиканы әртараптандыру мен инвестиция тарту болып қалады. Өңірлік өнім көлемін ұлғайту, халық табысы мен салықтық түсімдерді арттыру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлік, туризм, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, цифрландыру және инфрақұрылым салалары перспективалы бағыттар ретінде анықталды», – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Мемлекет басшысының 2029 жылға дейінгі экономикалық өсімді екі еселеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында өңірде өңірлік жобалық офис жұмыс істеуде. Барлық қала мен аудандар бойынша экономикалық өсім нүктелерінің бесжылдық жоспарлары, сондай-ақ ауылдық округтер үшін «Жол карталары» бекітілген. Әрбір қала және аудан әкімдерімен 2025 жылға арналған нақты жобалар мен іс-шаралардан тұратын KPI көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталған меморандумдар жасалды.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының алдағы бағыттарын айқындай отырып, «Біздің басты міндетіміз – шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 24%-ға дейін арттыру, сондай-ақ өнеркәсіптік өндіріс көлемін көбейту», – деп атап өтті облыс басшысы.