BasNewsЖаңалықтарСараптама

Мақтаарал апаты: «Ағын су өкірген малдың дауысымен цунами сияқты болып келді»

Елордадан жеңіл көлікпен шыққан біз 28 сағат жол жүріп Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакентке таңғы 6-да бірақ жеттік. Еліміздегі жолдардың жағдайын білесіздер ғой? Міне, соның ішіндегі ең нашары Жезқазған–Қызылорда арасын жүріп өту қияметтің өзі. Күре жол бойы блокпосттар, қызуыңды өлшеп, аты-жөніңді тіркеп жібереді.

Жеткен соң керіле жатуға уақыт жоқ, 3 сағат ұйықтап алып, аудан әкімдігінде орналасқан штабқа барып жүруге рұқсат қағаз алдық. Апаттан шыққан халық алдына арсалаңдап жетіп барған ыңғайсыздығы өз алдына, су басқан ауылдарды қоршап тұрған әскерилер мен полиция рұқсатсыз адам кіргізбейді. Ары қарай көрген білгенімді ретімен баяндап берейін:

ЖЕҢІС

Тасқынның бірінші соққысы тиген ауыл осы. Ең қатты зардап шеккен. Алғашқы күндері қайықпен жүрген, қазір судың беті қайтқан.

Әр жерде жиналып қойған өлексе. Арасында қорқау сияқты жабайы аңдар да бар. Иесіз қалған иттер өлексе жеп, құтыруы мүмкін деп атып тастаған. Ветеринарлар барлығын жинап қойған, енді дезинфекция жасамақ.

Тұрғындар заттарын жинап әкетіп жатыр. Енді олар бұл ауылға қайтып келмейді. Аудан орталығының шетіндегі жаңа шағын ауданда тұрады, ол туралы сәл кейінірек айтып беремін.

Ауылдан ары 30 шақырым жерде жарылған Сардоба суқоймасы. Кешкісін әлі қараңғы түспей су келген. «Биік, цунами сияқты қап-қара су. Қышырлаған тастың, өкірген мал мен ит-құстың дауысынан құлақ тұнып қалды. Сілеміз қатып, не істерімізді білмей қалдық» дейді ауыл тұрғындары. Елестету қорқынышты. Көлігі барлары өздері, көлік жетпегенін төтенше жағдай қызметкерлерінің автобустары мен жүк көліктеріне тиеп эвакуацияланған. Айтуыларынша көмек дер кезінде келген, адам шығыны жоқ. Бірақ үрейден құжаттарын, малдарын тастай қашқан.

https://www.facebook.com/kozildirik/videos/pcb.2774915659298380/2774913299298616/?type=3&theater

 

ӨРГЕБАС

Ауылдың сыртқы периметрі Ұлттық гвардия сарбаздарымен толық қоршалған. Тонаудың алдын алу үшін. Жалпы барлық ауылдар қоршалған. Редакциялық құжатымызбен өттік. Су Жеңістен өтіп келгенде 1.5-2 метр болған. Орталық көшеде қайықпен жүрдік дейді тұрғындар. Ағысы қатты емес. Су шайған үйлердің барлығы саман кірпіштен қаланған, қабырғалары езіліп кеткен. Кірпіш үйлер тұр, бірақ жағдайы қалай екенін біле алмадым. Балшық, жақындай алмайсың.

Ауыл ішінде техниканың дыбысынан құлақ тұнады. Суды сыртқа айдап жатыр. Насостың неше атасы бар. Тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Жұмыс істеп жатқандар: Шардара ауданы төтенше жағдайлар қызметінің жігіттері. Олар эвакуациялау және құтқару жұмыстарымен айналысады. Сумен ағып келген өлекселерден тазалайды. Шымкент қаласы #3 өрттен қорғау бөлімі су сору, құрғату жұмыстарына жауапты. Дренаж жүргізіп жатқан солар.  Өзбекстанның Навои уәлаятынан көмекке келген төтенше жағдайлар қызметінің сарбаздары да бар. Дәл қазір құрғату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бәрі орнына келгенше боламыз дейді.

https://www.facebook.com/kozildirik/videos/pcb.2770289089761037/2770281899761756/?type=3&theater

ФИРДОУСИ

Үйлер негізінен күйген кірпіштен салынған, сондықтан бір қарағанда дін аман сияқты. Көзге көрінетін қирағандары саманнан салынған сарай, қоралар. Ауыл екіге бөлінген. Ортасында канал мен оны жағалаған жол. Ағын келгенде каналды жағалай дамбы салып, ТЖ қызметкерлері жарты ауылды аман алып қалыпты.

Саман үйлер суда бірінші кетеді. Астыңғы 2-3 қатарына жеткенде езіліп, шатыры тіп-тік түседі екен. Қисаймайды. Қолмен қойғандай.

Ауылда ағып келген малдың өлексесі көп. Енді иісі шыға бастаған, сондықтан ұзақ жүруге рұқсат етпеді. Ауру жұқтырып алуың мүмкін. Оны залалсыздандырумен ветеринарлар айналысып жатыр. «Қирап, түгі қалмапты» деген қауесет тараған Фирдоуси мектебі қалпында тұр. Биіктеу тұрған соң су алмапты, іргетасы сақталған. Ауыл адамдары көшуге қарсы болған, жерді құрғатқан соң бұрынғы орынға үйлерін салады. Қазір үрей тараған, енді тезірек үйге оралсақ басқа ештеңе керек емес, дейді.

https://www.facebook.com/kozildirik/videos/pcb.2774269792696300/2774266269363319/?type=3&theater

ҚОҒАЛЫ

Қазір бұқаралық ақпарат құралдары жазбайтын, айтпайтын бір ауыл. Себебі баналды – су басқан жоқ. Циничті әрине, бірақ солай.

Әңгімелерін тыңдап отырып ауыл тұрғындарының жанкештілігін, ағайын-туыстың ауызбіршілігін және ең бастысы неге «оңтүстік бауырмал һәм қонақжай» деп аталғанын түсінесің. Бір ғана мәлімет – су тоқтататын дамбы салуға 1500 адам келген. Көбін ауыл адамдары танымайды, олар да бірінші рет келіп тұрғанына сенімдімін. Міне, «қазақы мінез» дегенде осындай нәрсені айтып мақтану керек. Қазір ауыл аман, бір ғана өтініштері бар: судың сорын кептіруге жәрдем берсе. Болды. Қалғаны бас аман, орнына келеді дейді.

https://www.facebook.com/kozildirik/videos/pcb.2772202579569688/2772199829569963/?type=3&theater

ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ҚОЙМАСЫ

Қойма бірнешеу, әр жерде орналасқан Атакент ауылындағысына бардым. Ауласы толы фура. 15 метрлік үшеуін көрдім. 10-12 газель Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келді бізбен қатар. Азық-түлік, қажетті зат жеткілікті.

https://www.facebook.com/kozildirik/videos/pcb.2767943419995604/2767918429998103/?type=3&theater

ЭВАКУАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ

Ол да бірнешеу. Әр ауылдың адамдары бір жерде немесе жақын жерде болсын деген принциппен орналастырылған. Тәртіп. Кіре берісте антисептик, маска, температура өлшеу. Сосын тіркеу, жедел жәрдем, ЦОН бәрі бір жерде. Жатын бөлмеге кірмедік, ұят болар дедім.

Не көрдім?

Бірінші – қайырымдылық. Келген, келіп жатқан көмек өте көп. Тау болып жатыр. Бар екен мейірімді адамдар.

Екінші кезекте – тәртіп. Қоймадағы әр келген жүк хатталып, базаға енеді. Әр эвакуациялық орталық заявкасы бойынша хатталып шығарылады. Ертең салыстырылып, есебі шығарылады. Көмекті жеп кетпеудің барынша жолы жасалған.

Үшінші кезекте – тәртіп. Эвакуациялық орталыққа әшейін кіріп-шығу жоқ. Жатқан адамдарға да солай. Күн тәртібі жазылып, қоңыраумен белгі беріледі.

Төртінші кезекте – үнем. Тау азық-түлік беталды таратылмайды. Нағыз қиындық ертең үй салу кезінде шығады. Сондықтан барлығын ұзақ мерзімге жеткізуді жоспарлап қойған. «Тіпті бәрі бітті дегенде де қалса таратып береміз» деп сендірді.

https://www.facebook.com/kozildirik/videos/2767728640017082/

МАСШТАБ

Диванда жатып, келген қауіп жайлы жазған оңай. Кемеңгер болып қайтейін, өзім де талай жаздым. Бірақ көзбен көрмей елестету қиын екен…

На изображении может находиться: на улице

Мынау гуглдан тауып алған Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакенттің спутник-суреті. 12 мың адам тұрады екен. Былай тым үлкен де емес, кәдімгі кенттің бірі сияқты. Бірақ көшесінен өткенде сезінетін басқа масштаб. Қайнаған тірлік. Әр адамның бір тағдыры бар.

2 мамыр күні Мырзакент аяғынан тік тұрған. «Су келе жатыр». Әшейін жұмыста отырып учениемен сирена соққанда далаға шығуға ерінеміз ғой. Ал бұл реально қауіп. 12 мың адам. Елестетші. Қиын. Ал олар екі күн сыртта өткізген. Өте қиын…

… Жүре берсең – көре бересің. Бұл да маған бір кішігірім сабақ болды. Әлі су басқан ауылдарға бармадым, бірақ эвакоорталық пен көшедегі адамдарды көріп біртүрлі іштей сезінесің. Ол түйсік диванның масштабынан әлдеқайда үлкен.

Мақтааралдан Алмас Тоқабай, арнайы basnews.kz үшін

 

Back to top button