BasNews

ШҚО әкімі шекарашы офицерлермен кездесу өткізді

Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов еліміздің шекарасын күзетуге жақын арада кірісетін Шекара қызметі бөлімшелерінің болашақ командирлерімен кездесті.

Облыс әкімі атап өткендей, шекарашылар әрқашан Қарулы күштердің элитасы болып келді және солай болып қала береді. Олардың мойнында – мемлекеттік шекараны қорғау және ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды ерекше жауапкершілік жатыр. Барлық болашақ командирлер ауқымды дайындықтан өтіп, қызметке дайын екендіктерін және таңдаған мамандықтарына адал екендіктерін дәлелдеді.

«Сіздер туған-туыстарыңыздың, ең бастысы – бүкіл елдің сенімін ақтауларыңыз керек. Сіздерге рух мықтылығын, іске және Отанға адалдық тілеймін», – деді Нұрымбет Сақтағанов жас офицерлерге.

Кездесу барысында 33 шекарашыға алғыс хаттар табысталды.

Шығыс Қазақстан – Ресей Федерациясымен және Қытай Халық Республикасымен шектесетін шекаралық аймақ. Сондықтан бұл өңірдегі шекарашылардың қызметі бүкіл ел үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button