ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҚСАРТУ, ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ БЕЛСЕНДІ ЖҮРУДЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласында өткен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз», – деп атап өткен болатын.
Биыл «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы Қызылорда облысының Сырдария ауданында тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуда.
Атап айтсақ, Тереңөзек кентінде білім беру ұйымдары мен әлеуметтік нысандар орналасқан 9 көшеге жаяу жүргіншілер жолдарын салу жобасы жүзеге асырылуда. 2024 жылы 6 көше қамтылып, биыл тағы 3 көшеде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама кент инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» жобасы аясында ауданда
5 500 тонна қоқыс шығарылып, 17 400 түп ағаш пен 27 800 түп гүл егілді. Ұзындығы 70 шақырымды құрайтын каналдар мен арықтар тазартылып, экологиялық жағдайды жақсартуға үлкен үлес қосылды.
Бұған бөлек, «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары ауданның көркейту-көгалдандыру жұмыстарына белсене атсалысып келеді. Олар тек табиғатты қорғаумен ғана шектелмей, қарттар мен жалғызбасты аналарға көмек көрсетіп, түрлі қайырымдылық шараларына да қатысуда.
Бұл жұмыстар Сырдария ауданындағы инфрақұрылымды дамытуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға зор ықпал етуде.