
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Экономикалық тергеулер қызметінің оқу кабинеті ашылды. Ол «Құқықтану» кафедрасы базасында құрылып, студенттерді экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл саласында тәжірибелік тұрғыдан даярлауға арналған.
Студенттер сотқа дейінгі тергеу әдістемесін, заңсыз табыстарды анықтау тәсілдерін, сондай-ақ қаржылық-экономикалық саладағы қылмыстарды тергеудің ерекшеліктерін үйренеді. Сабақтарды университет оқытушылары мен құқық қорғау органдарынан шақырылған мамандар жүргізеді. Курсты аяқтағандарға сертификаттар табысталады.
Жоба Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеулер департаментінің басшысы Арман Оразұлы Жүнусовтың қолдауымен жүзеге асты.
Кабинеттің ашылуы құқықтық білім берудің тәжірибелік құрамдасын күшейтуге және қаржы-құқықтық қауіпсіздік саласының заманауи талаптарына сай мамандар даярлауға бағытталған.