Жаңалықтар

Әлемнің 50 елінен 1800 спортшы: Қара теңіз Қачкар ультрамарафонына жиналды

Түркияның Қара теңіз өңірі өзінің ай тәрізді жағалауы, қалың ормандары, сарқырап аққан сарқырамалары мен тұмшаланған таулы жайлауларымен ерекше табиғи келбетімен танымал.

Соңғы жылдары Түркияның Қара теңіз аймағы экотуризм мен спорттық туризмнің орталығына айналып келеді. 2025 жылдың қыркүйегінде мұнда халықаралық деңгейдегі KAÇKAR BY UTMB тау ультрамарафоны өтті – әйгілі UTMB World Series турының Түркиядағы алғашқы кезеңі.

26–28 қыркүйек күндері Ризе облысының Чамлыхемшин ауданындағы ғажайып Қачкар тауларында өткен жарысқа әлемнің 50-ден астам елінен 1800-ден астам спортшы қатысты. «Wild is the Trail» ұранымен ұйымдастырылған бұл шара Түркия Жастар және спорт министрлігі мен Ризе губернаторлығының үйлестіруімен, сондай-ақ Түркия Мәдениет және туризм министрлігі, Туризмді дамыту және ілгерілету агенттігі (TGA) және DOKA аймақтық даму агенттігінің қолдауымен өтті.

KAÇKAR BY UTMB – жай ғана жарыс емес, Қара теңіздің табиғи, мәдени және экономикалық әлеуетін танытқан халықаралық оқиға. Осы арқылы Түркия спорттық туризмнің әлемдік картасында өзінің орнын нығайта түсті.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар – Ұлыбританиядан Оңтүстік Африкаға, Испаниядан Қытайға дейін – Қачкар тауларының қиын соқпақтарында бақ сынасты. Қардың қалың түсуіне байланысты 100 шақырымдық жарыс тоқтатылғанымен, 50K және 20K бағыттарында спортшылар табандылық танытып, мәреге жетті.

Айдер жайлауынан басталған жарыс көрермендер үшін де, қатысушылар үшін де ерекше әсер қалдырды. Жергілікті тұрғындар ұлттық киіммен, тулум деп аталатын дәстүрлі аспап үнімен (ол ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізілген) марафоншыларды қарсы алды.

Нәтижесінде, 50K санатында әйелдер арасында Жасмин Нуниге (05:21:52), ерлер арасында Коул Кэмпбелл (04:29:19) жеңіске жетті. 20K жарысында Бейза Гүзел (02:28:25) және Местан Тұрған (01:59:20) үздік шықты.

UTMB жарыстарының басты ерекшелігі – спорт пен табиғатты біріктіру. Қачкардағы жарыс жолдары ежелгі керуен соқпақтарын, малшылардың тау жолдарын және көне ауылдарды қиып өтті. Әрбір километр – тарих пен табиғаттың үйлескен сәті.

Қазіргі таңда Қара теңіз өңірі тек түркиялықтар үшін емес, қазақстандық саяхатшылар үшін де жаңа бағыт ретінде қызығушылық тудырып отыр. Әсіресе Ризе мен Трабзон сияқты қалалар өздерінің табиғи көрінісімен және қонақжай мәдениетімен қазақстандық туристердің сүйікті демалыс орындарының біріне айналуда.

Қачкар марафоны – бұл тек спорт емес, табиғаттың сұлулығын, адамдардың мейірімін және шыдамдылық рухын біріктірген оқиға.

Басқа жаңалықтар

Back to top button