Жаңалықтар

Сусыз – тіршілік жоқ: Шығыс Қазақстанда ауызсу жобалары жүйелі жүзеге асырылуда

ШҚО-да тұрғындарды таза әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде өңірде орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 99,4%-ды құрайды. Қалалардың 99,9%-ы толық қамтылған болса, ауыл тұрғындарының 98,4%-ы және ауылдық елді мекендердің 98,6%-ы таза ауызсуға қол жеткізген.

 

Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін халықты 100% ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында ШҚО-да жалпы құны 49,8 млрд теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылуда. Биылғы жылы осы мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттерден, сондай-ақ мемлекеттік қаржыландыру жүйесінен барлығы 16 млрд теңге бөлінді.

 

2025 жылдың соңына дейін жалпы құны 23,5 млрд теңгені құрайтын 13 жобаны толық аяқтау жоспарланып отыр. Оның ішінде 8 жоба өңір халқының таза ауызсуға қолжетімділігін арттыруға тікелей ықпал етпек. Атап айтқанда, бұл жобалар Катонқарағай, Үлкен Нарын, Отрадное, Бозанбай, Асубұлақ, Үлкен Өзен, Березовка ауылдары мен Өскемен қаласына қарасты Комсомольский кентінде жүзеге асырылып жатыр.

 

Нысандардағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасуда:

 

• Бозанбай ауылында («ТМ Тепломир» ЖШС) 34,1 км су желісінің 32,8 км-і (96,2%) тартылып, су айдау станциясы мен таза су қоймасын аяқтау жұмыстары жүріп жатыр.

• Асубұлақ ауылында («Төре Құрылыс XXI» ЖШС) 45,9 км-дің 38,2 км желісі төселіп, 3 ұңғыма бұрғыланды, су айдау станциялары орнатылуда.

• Отрадное ауылында («DK Build» ЖШС) 8,6 км желі тартылып, екінші көтерілімдегі су станциясының монтажы жүргізілуде.

• Үлкен Өзен ауылында («Sem ARTA Stroy» ЖШС) 17,1 км су желісі толық салынып, модульдік су айдау станциялары орнатылып жатыр.

• Березовка ауылында («СервисТехЦентр» ЖШС) негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, соңғы сынақ және қосу кезеңі өтуде.

• Катонқарағай мен Үлкен Нарын ауылдарында («Integra Construction KZ» ЖШС) су желілері толық тартылған — тиісінше 77,7 км және 77,4 км.

• Комсомольский кентінде («Alyans XXI» ЖШС) 254,5 км-дің 245,5 км желісі жүргізіліп, дайындық деңгейі 96%-ға жетті.

 

Сонымен қатар, өңірде бұрын сапасыз салынған су жүйелерін қайта қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынған. Самар ауданының Құлынжон, Аққала және Көкжыра ауылдарында биыл 309,4 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары аяқталып, абоненттерді қосу кезеңі жүріп жатыр. Ал Марқакөл ауданындағы Боран ауылында жөндеу жұмыстарына 200 млн теңге бөлініп, нысан соңғы сатыда тұр.

 

Глубокое ауданының Белоусовка кентінде су желілерін жаңартуға 70 млн теңге, ал су айдау станциясын жаңғыртуға 100 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды «Alyans XXI» ЖШС атқарып жатыр, аяқтау мерзімі – ағымдағы жылдың 1 қарашасы.

 

Барлық жобалар іске асырылғаннан кейін ШҚО-да 600 шақырымнан астам су құбыры желілері салынып және қайта жөнделеді. Нәтижесінде, өңір халқы таза ауызсумен толық қамтылып, су жүйелерінің тозу деңгейі 47,3%-ға дейін төмендемек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button