ШҚО мәслихатында өңірдің агросаладағы дамуы мен инвестициялық әлеуеті талқыланды

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті ХХIV сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, соның ішінде агроөнеркәсіп пен инвестициялық саясаттың нәтижелері қаралды. Аймақ басшысы аграрлық сектордағы көрсеткіштер мен ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялар жөнінде баяндама жасап, ауыл экономикасын әртараптандыру мен қайта өңдеу үлесін арттыру бағытын баяндады.
«Өңір экономикасы қарқынды дамып келеді. Биыл 542,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға артық көрсеткіш. “Altai Invest-2025” халықаралық форумында 740 млрд теңгеге 41 меморандумға қол қойылып, 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Соның ішінде 14 мыңы – тұрақты жұмыс орындары», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Өңірдің агроөнеркәсіп кешенінде де тұрақты өсім байқалуда. Биыл сүт өндірісі 13 пайызға артқан, ал қайта өңдеу үлесі 70 пайызға жетті.
«Ауыл шаруашылығы саласында 89 млрд теңгеге 21 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның жетеуі биыл аяқталып, пайдалануға беріледі. Соның ішінде қуаттылығы жылына 150 мың тоннаны құрайтын “Алтай май” май экстракциялық зауыты бар», – деді облыс әкімі.
Президенттің суды ұтымды пайдалану жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Ұлан, Зайсан және Тарбағатай аудандарында су үнемдейтін технологиялар енгізіліп жатыр. Сондай-ақ, агрохабтар мен логистикалық орталықтардың дамуына ерекше назар аударылған.
«Өскеменде сыйымдылығы 45 мың тоннаға жететін заманауи көкөніс қоймалары бар «Алтай» көтерме-тарату сауда орталығы пайдалануға берілді. Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге нарыққа тікелей шығып, тұрғындарға қолжетімді бағамен сапалы өнім ұсынуға мүмкіндік жасап отыр. Сондай-ақ 2026 жылдың ортасына дейін барлық қайтарылған жерлерді айналымға тарту жоспарланған. Қазіргі уақытта 423 мың гектар жердің 97 мыңы игерілді», – деді Н. Сақтағанов.