ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ШВЕЙЦАРИЯДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН ТАНЫСТЫРДЫ

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация Швейцария Конфедерациясына жұмыс сапарын бастады.
Сапардың мақсаты – өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстырып, халықаралық ұйымдар мен шетелдік компаниялармен әріптестіктік байланыстарды нығайту.
Алғашқы күні делегация Harvest Groupкомпаниясының басшысы Алмаз Альсеновпен кездесіп, аймақта заманауи агроиндустриялық кластер құру жобасын талқылады. Бұл жоба аясында 20 мың гектар жерге техникалық қарасора, жүгері және соя өсіріліп, қайта өңдеу жоспарлануда. Инвестиция көлемі 51 млрд теңге, 150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ аймақ басшысы БҰҰ Женева бөлімшесінің бас директоры Татьяна Валоваямен кездесіп, Арал өңіріндегі экологиялық ахуал, «Геопарк Арал» жобасы, жасыл энергетика және тұрақты даму бағытындағы бастамаларды жан-жақты талқылады.
Женева Сауда және өнеркәсіп палатасының төрағасы Винсент Субилиямен кездесуде өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды.
Швейцариялық тарап аймақ жобаларына жоғары қызығушылық білдіріп, іскерлік байланыстарды дамытуға дайын екенін атап өтті.
Сапардың алғашқы күні мазмұнды әрі нәтижелі өтті. Делегацияның жұмысы Швейцарияның іскер топтарымен және халықаралық ұйымдарымен әріптестікті дамытуға, сондай-ақ, өңірге жаңа инвестициялар тартуға бағытталған.



