ТЖМ басшысы өрт сөндіру бөлімдерін жаңғыртуды жалғастыруда

Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Марқакөл ауылында жаңартылған өрт сөндіру бөлімін ашты.
Нысанның ашылуы республика бойынша өрт сөндіру бөлімшелерін жаңғыртуға бағытталған жобалар легінің бір бөлігі болды.
Іс-шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, көршілес өңірлердің төтенше жағдайлар департаменттерінің басшылығы және азаматтық қорғау қызметінің ардагерлері қатысты.
Бұған дейін бөлімше 1995 жылы салынған, қазіргі заман талаптарына сай келмейтін ғимаратта орналасқан болатын. Жаңғырту аясында ол толықтай жаңа өрт сөндіру депосына айналды.
Ғимаратта қызметтік және техникалық үй-жайлармен, сондай-ақ Марқакөл ауданының Төтенше жағдайлар бөліміне арналған әкімшілік кабинеттер орналастырылған. Бұл орталықтандырылған басқаруды қамтамасыз етіп, жедел әрекет ету деңгейін арттырады.
Өрт сөндіру бөлімі демалыс және тұрмыстық үй-жайлармен, оқу сыныптарымен, Batyr team спорт залымен, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекетімен, жабдықтар мен арнайы киімді сақтауға арналған орындармен, кезекші және диспетчерлік үй-жайлармен, сондай-ақ техникаға арналған бокспен жабдықталған.
Бөлімшенің автопаркі 8 бірлік заманауи өрт сөндіру-құтқару техникасынан тұрады. Ашылу күні ТЖМ басшысы техниканың кілттерін табыс етті.
Іс-шара барысында Қазақстандық құтқарушылар қоры жеке құрамға жаңа нысанды киім мен арнайы аяқ киім тапсырды. Марқакөл ауданының тұрғындарына өрт қауіпсіздігін арттыру мақсатында түтін датчиктері таратылды.
Жаңа депо шамамен 23 елді мекенге қызмет көрсетіп, 7 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және бөлімшелердің оқиға орнына жету уақытын айтарлықтай қысқартады.
Сондай-ақ министр қызмет барысында ерекшеленген қызметкерлерге арнайы атақтар беріп, алғыс хаттар табыс етті.



