Аймақта Harvest Agro агроиндустриалды кластерін құру жобасының бірінші кезеңі басталды

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, Harvest Agro компаниясының агроиндустриалды кластерін құру жобасының бірінші кезеңін іске қосу және алғашқы дән себу рәсіміне қатысты. Бұл бастама өңірдің аграрлық саласын жаңғыртуға бағытталған ірі жобалардың бірі болып саналады.
Іс-шараға Harvest Kazakhstan серіктестігінің бас директоры Дәулет Увашев, Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарынан арнайы келген делегациялар, аудан әкімдері, өңірлік қаржы және даму институттарының, шаруашылық құрылымдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Мемлекет басшысының қолдауымен өңірдің егін шаруашылығын әртараптандыруға және су ресурстарын үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, алдағы үш жылға бұл бағытта 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген, оның ішінде биылдың өзінде 10 млрд теңге қарастырылған.
«Бұл – Мемлекет басшысының Сыр диқандарына көрсеткен үлкен қолдауы. Қазіргі таңда су ресурстарының азаюы бізден бұрынғы тәсілдерді қайта қарауды талап етеді. Сондықтан табиғатпен үйлесімді, үнемді әрі тиімді технологияларды енгізу – уақыт талабы. Бүгінгі жоба – өңір экономикасын дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық қадам», – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, жобаны жүзеге асыруға бастамашы болып, инвестиция тартқан кәсіпкерлерге алғыс білдіріп, болашақта бұл нысанның ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
Рәсім барысында облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлы мен Harvest Agro серіктестігінің басшысы Дәулет Нұрланұлы сөз сөйлеп, ел ағасы Биғали Әбдікерұлы ақ батасын берді. Жобаның жүзеге асуына үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кету керек, жобаның бірінші кезеңінде 8,7 мың гектар суармалы жерге жүгері дақылы егілсе, екінші кезеңде бұл көрсеткіш 32 мың гектарға дейін ұлғайып, жүгері, соя және техникалық қарасора өсіру жоспарланған. Сонымен қатар, 68 млрд теңгеден астам инвестиция тарту арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін заманауи өндіріс орны іске қосылады. Жаңа зауыт жоғары сапалы технологиялармен жабдықталып, 140 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Жоба ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, суармалы жер көлемін арттыруға және өңделген өнім экспортын ұлғайтуға бағытталған. Қазіргі таңда 30 мың гектар жер игеріліп жатса, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 300 мың гектарға дейін жеткізу көзделуде. Егін өсірумен қатар, өнімді өңдеу, сақтау, тасымалдау және өткізу процестері біртұтас жүйе ретінде дамытылады.
Бүгінде жобаның инфрақұрылымдық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қараөзек арнасынан суару жүйелері тартылып, 142 жаңбырлатқыш қондырғы орнатылуда. Бұл су ресурстарын 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, егіс алқаптарын тиімді басқару мақсатында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтері енгізілуде. Алғашқы кезеңнің өзінде 80 мың тоннаға дейін жүгері өнімін алу жоспарланып отыр.
Жалпы, бұл жоба елімізде ірі агроөнеркәсіптік кластер қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.



