Жаңалықтар

ШҚО-да «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы басталды

Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы басталды. Жоба ауылдық елді мекендерді дамытуға, аумақтарды абаттандыруға, қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған.

Байқаудың басты мақсаты – ауылдық жерлерде жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, экологиялық мәдениетті дамыту, сондай-ақ елді мекендердің көркеюі мен дамуына ықпал ететін бастамаларды қолдау.

Байқауға Шығыс Қазақстан облысының барлық ауылдық елді мекендері қатыса алады. Ол үшін ауылдың жетістіктері мен бастамаларын таныстыратын бейнеөтінім әзірлеп, оны тиісті аудан әкімдігіне ұсыну қажет.

Аудандық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік жұмыстар облыстық кезеңге жолданады. Оларды Шығыс Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жанындағы облыстық конкурстық комиссия қарайды.

Бейнеөтінімдерді қабылдау 2026 жылғы 17 шілдеге дейін жалғасады. Ұсынылған материалдарды қарау нәтижесінде облыстық комиссия өңірдің ең үздік ауылын анықтап, жеңімпазды жариялайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау тек ең көркейген ауылдарды анықтауға ғана емес, сонымен қатар ауыл тұрғындарын экологиялық жобаларды іске асыруға, қоғамдық бастамаларды дамытуға және ауылдағы өмір сүру сапасын арттыруға ынталандыруды көздейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button