Жаңалықтар

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚОҒАМ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ

Құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде өңірде қоғамдық-саяси тұрақтылық сақталып, қылмыс деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға төмендеген. Профилактикалық жұмыстар күшейтіліп, есепте тұрған 1500-ден астам азаматпен мобильді топтар жұмыс жүргізген. Соның нәтижесінде аса ауыр қылмыстар, ұрлық, мал ұрлығы, бұзақылық және қорқытып алу деректері айтарлықтай азайған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров баяндады.

«Қылмыстың алдын алу прокуратура қызметінің негізгі басымдығы. Біз тек құқық бұзушылықты ашуға емес, оның орын алуына жол бермеуге басымдық беріп отырмыз. Осы бағыттағы кешенді шаралардың нәтижесінде өңірдегі қылмыстық ахуал тұрақталып келеді. Прокурорлар заңсыз шешімдерге жол бермей, 38 процессуалдық шешімді келісуден бас тартқан, 14 азамат уақытша ұстау изоляторынан босатылған. Тергеу сапасын арттыру үшін мыңнан астам нұсқау беріліп, заң бұзушылықтарға жол берген 310 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деді облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлы.

Сонымен қатар өңірде цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жалғасуда. «IT TERGEU», «Смарт браслет», «Киберволонтер», «Қылмыссыз өңір» жобалары іске асырылып, қылмыстық процесті цифрландыруға арналған «TERGEU PRO» жүйесін енгізу қолға алынған.

Прокурор интернет-алаяқтыққа қатысты заңнамалық өзгерістерге де тоқталды. Дроперлік қызмет үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгеннен кейін облыста 16 адамға қатысты айыптау үкімі шыққанын айтып, тұрғындарды өздерінің банктік деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырды.

Есепті кезеңде прокуратура органдары 28 тексеріс жүргізіп, 266 мыңнан астам азаматтың, 5700-ден астам кәсіпкердің және 56 мыңнан астам кәмелетке толмағанның құқықтарын қорғаған. «Таза Қазақстан» акциясы аясында заңсыз қоқыс орындары жойылып, қоғамдық орындарды ластаған азаматтар жауапкершілікке тартылған.

«Прокуратураның басты міндеті заң үстемдігін қамтамасыз етіп, әр азаматтың құқығын қорғау. Алдағы уақытта да қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, кәсіпкерлер мен тұрғындардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады, – деді Ризабек Ожаров.

Сондай-ақ облыс прокуроры тұрғындарды прокуратура құзыретіне қатысты мәселелер бойынша әр аптаның сейсенбі күні жеке қабылдауға дайын екенін жеткізді.

 

Өңірлік коммуникациялар қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button