
2026 жылдың алғашқы жеті айында 220 мыңға жуық қазақстандық Антальяға саяхаттады. Қазақстан бұл танымал түрік курортын ең жиі таңдайтын 20 елдің тізіміне енді, деп жазады TuraNews.kz.
Қаңтар мен шілде аралығында Антальяға Қазақстаннан 219 мың турист барған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға аз. Соған қарамастан, Анталья отандық саяхатшылар арасындағы ең танымал шетелдік бағыттардың бірі болып қала береді.
Жеті ай ішінде Антальяға барлығы 8 миллион 359 мың шетелдік турист келген. Жалпы туристік ағын өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға азайып, курорт 632 мыңға жуық мейманнан қағылды. Тек шілде айының өзінде Антальяға 2,66 миллионға жуық шетелдік табан тіреген (өткен жылғы көрсеткіштен 2,4%-ға аз). Туристер ағынының төмендеуіне аймақтағы тұрақсыздық пен қақтығыстар, соның ішінде Иранның АҚШ және Израильмен текетіресі, сондай-ақ Ресей мен Украина арасындағы соғыс әсер еткен.
Антальяның басты туристері болып Ресей азаматтары қалуда. Қаңтар-шілде айларында курортқа 1,98 миллионға жуық Ресей азаматы барған (әрбір төртінші шетелдік турист). Екінші орында 1,6 миллион адаммен Германия тұр. Одан кейін 773 мыңнан астам туристпен Ұлыбритания және 631 мың адаммен Польша орналасқан. Нидерландыдан 259 мың, Украинадан 232 мың, ал Қазақстаннан 219 мың турист келген.



