Жаңалықтар

Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» аясында 3500 ағаш отырғызылды

Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Өңірдің елді мекендерін абаттандыруға бағытталған шараға облыс бойынша 10 мыңға жуық адам қатысып, 150 арнайы техника жұмылдырылды.

 

Экологиялық акцияға Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен де қатысып, тұрғындармен бірге ағаш көшеттерін отырғызды. Өңір басшысы көгалдандыру жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, отырғызылған әрбір ағаштың жерсінуіне және кейінгі күтіміне ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.

 

Сондай-ақ ағаш отырғызумен ғана шектелмей, жасыл желектерді тұрақты суару, күтіп-баптау және сақтау жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру керектігін жеткізді.

 

Акцияға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, кәсіпорын ұжымдары, еріктілер, жастар және өңір тұрғындары белсенді қатысты. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде облыс аумағында 3500 ағаш көшеті отырғызылды.

 

Көгалдандырумен қатар, елді мекендердегі қоғамдық орындарда, көшелер мен аулаларда санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Арнайы техникалардың көмегімен жиналған қоқыстар шығарылып, аумақтарды абаттандыру шаралары жүзеге асырылды.

 

Ауқымды экологиялық бастама өңір тұрғындарын ортақ іске жұмылдырып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды. Әртүрлі буын өкілдерінің бірлесіп еңбек етуі туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне әрбір азаматтың үлес қоса алатынын көрсетті.

 

«Таза Қазақстан» акциясы Ұлытау облысында алдағы уақытта да жалғасады. Өңірде жасыл аймақтарды көбейту, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button