«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: «KZO CAMP: ONE COMMUNITY» СЛЕТІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАР ПРЕЗИДЕНТ САЯБАҒЫНДА ТАЛ ЕГУ АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

Қызылорда қаласында өтіп жатқан «KZO CAMP: ONE COMMUNITY» республикалық волонтерлер слетіне қатысушылар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында Президент саябағында тал егу тал егу шарасына қатысты.
«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығының ашылу салтанатынан кейін ұйымдастырылған экологиялық шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында өтті.
Бастаманың негізгі мақсаты – табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастырып, әрбір азаматтың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру.
Игі бастамаға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Вера Ким мен Жанар Бимұратқызы, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның 10 өңірінен келген 100 волонтер қатысты.
Акция аясында қатысушылар Президент саябағына тал көшеттерін отырғызып, қаланы көгалдандыруға және оның жасыл желегін молайтуға үлес қосты. Іс-шара табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға, волонтерлерді ортақ игі іске жұмылдыруға және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталды.
Айта кету қажет, «KZO CAMP: ONE COMMUNITY» республикалық волонтерлер слеті еліміздің әр өңірінен және көршілес мемлекеттерден келген еріктілердің басын қосып, тәжірибе алмасуына, ортақ жобаларды талқылауына және жаңа бастамаларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Ал, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылған мұндай экологиялық шаралар азаматтарды қоршаған ортаны қорғауға жұмылдырып, елді мекендердің көркеюіне және экологиялық жауапкершілігі жоғары қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.
Экологиялық акциядан кейін слетке қатысушылар Қызылорда қаласының көрікті орындарын аралады.
Атап айтқанда, волонтерлер Ботаникалық бақта болып, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозицияларымен танысты және «Қайсар Арена» стадионын тамашалады.
Танымдық экскурсия қатысушыларға Сыр өңірінің табиғи және мәдени мұрасымен танысып, қаланың сәулеттік келбеті мен заманауи инфрақұрылымын көруге мүмкіндік берді.



