BasNewsЖаңалықтар

Қарағанды облысында карантин күшейтіледі

Қарағанды облысы COVID-19 індетінің таралу көрсеткіші 7% асып кетті. 13 маусымнан бастап кейбір карантиндік шаралар күшейтіледі, деп хабарлайды Basnews.kz.

Қарағанды облысында коронавирустық инфекция жұқтыру жағдайлары көбейіп келеді. Тек соңғы аптада ғана 303 симптомсыз вирус тасымалдаушы анықталған, ал өткен тәулікте 52 ауру тіркелді. Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Саран қалалары мен Қарқаралы, Шет, Бұқар Жырау және Абай аудандарында жұқтырғандар саны көбейген.

Сырқаттанғандардың басым бөлігі жаппай отбасылық іс-шаралардан кейін анықталуда.

«Адамдар өзін-өзі оқшаулау, әлеуметтік қашықтық және басқа да санитарлық ұсыныстарды бұзуды жалғастыруда. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің талаптарына сәйкес, егер өңірде аурушаңдықтың өсімі 7%-дан асса, карантиндік шаралар қайта жандандырылады. Біздің облыста бұл көрсеткіш 7,3% құрайды. Сондықтан 13 маусымнан бастап белгілі бір шектеулер қабылданады», – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

13 маусымнан бастап карантин аймағының периметрлері – Жезқазған, Қарқаралы ауданы, Шет ауданының Жарық кенті қоршалады және блокпостар орнатылады.

Мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің 70%-ы қашықтан жұмыс режиміне көшіріледі.

Қоғамдық және сауда объектілерінің жұмысы уақыты шектеледі.

«Мен осы күрделі кезеңде өз-өзімізді және жақындарымызды барынша қауіпсіздендіру үшін саналық танытатын және шаралар қолданатын барлық адамдарға алғысымды білдіремін. Барлықтарыңызды сабырлық танытуға шақырамын. Жақын арада үйреншікті өмір салтымызға оралу тек сіз бен біздің әрекеттерімізге байланысты», – деді Жеңіс Қасымбек өңір тұрғындарына қарата айтқан сөзінде.

Back to top button