BasNewsЖаңалықтар

СҚО-да індет жұқтырғандар саны 7% асып кетуіне байланысты карантин күшейді

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының артуына байланысты бірқатар нысандардың жұмысына шектеу қойылып, сауда, қызмет көрсету орындарының және ауыларалық қоғамдық көліктің жұмыс кестесіне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Basnews.kz.

СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасовтың айтуынша, соңғы аптада COVID-19 жұқтырғандар саны бірден 7% артқан. Осыған байланысты бүгін облыстың бас санитар дәрігері шектеу шараларын күшейту жөнінде қаулыға қол қойды.

СҚО аумағында бұрынғыдай түрлі бұқаралық, отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым бар. Діни нысандар бір мезетте тек 30% ғана тола алады. Фуд-корттар, кинотеатрлар, балалардың сауықтыру және мектеп жанындағы лагерлердің ашылуы кейінге қалды.

«15 маусымнан бастап түнгі клубтардың, боулинг орталықтардың, бильярд, караоке, түнгі, компьютерлік клубтардың, фитнес, тренажерлік орталықтардың жұмысы тоқтайды. Батуттарды құруға тыйым салынады. Қоғамдық тамақтану орындары сағат 10.00-22.00 аралығында жұмыс істеп, мұндағы адам саны 50-ден аспауы керек, соның ішінде түрлі іс-шараларды өткізуге рұқсат жоқ. Барлық сауда орындары тек сағат 20.00-ге дейін ғана жұмыс істейді», – деді онлайн түрде өткен брифинг барысында Серікбай Қасмақасов.

Ауыларалық қоғамдық көлік те енді сағат 6.30-21.30 аралығында ғана жұмыс істемек. Адамдар саны отыратын орындардан аспай, барлығы маска киюге міндетті.

«Мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялар мен басқа да кеңселердің қызметкерлері, штаттық кесте бойынша қызметкерлер саны 30-дан асқан жағдайда 80% қашықтан жұмыс істеуге көшуі тиіс. Халыққа қызмет көрсету орталықтары да онлайн форматқа көшеді. Ал қашықтан көрсетуге келмейтін қызмет түрлерін тек сағат 10.00 мен 20.00 аралығында ғана алу мүмкін болады», – деді облыстың бас санитар дәрігері.

Серікбай Қасмақасовтың айтуынша, балабақшаларда тек «кезекші» топтар ғана жұмыс істейтін болады. Қауіпті індет табылған жағдайда науқас анықталған елді мекендер, ұйымдар мен нысандар бас санитарлық дәрігерлердің қаулысына сәйкес жабылады.

Осыған байланысты өңірдің бас санитар дәрігері СҚО тұрғындарын санитарлық талаптарды қатаң орындауға, яғни қоғамдық орында маска тағып, 2 метр арақашықтықты сақтауға шақырды.

Back to top button