BasNewsЖаңалықтар

Алматыда Көк базар жабылды: Базар әкімшілігінен 20 адам коронавирус жұқтырған

Алматының бас санитар дәрігері жеке профилактика шараларын сақтап, адам көп жиналатын орындарға бармауға шақырады, деп хабарлайды Basnews.kz.

Алматы қаласының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Көк базар аумағындағы «Компания Достар-Коммерц» базары қызметкерлерінің арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғаларының тіркелуіне байланысты тиісті шаралар мен эпидемиологиялық зерттеу жүргізу үшін Көк базардың жұмысы тоқтағанын хабарлайды.

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин кәсіпкерлік субъектілерінің карантин режимін сақтауын бақылау мақсатында құрамында полиция департаменті, ТҚСҚБД аудандық басқармалары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері бар әкімдіктің мониторинг топтары жұмыс істейтінін атап өтті.

Осыған дейін мониторингтік топтардың тексеруі барысында Көк базар аумағында жұмысшылар мен сатушылар үшін байланыссыз термометрияның сақталмауы, әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы және келушілер арасында қашықтық сақтау үшін арнайы белгілердің белгіленбеуі, жеке қорғаныс құралдарын тиіссіз қолдану және утилизациялау, тиісті жұмыс режимінің орындалмауы сынды тәртіп бұзушылықтар анықталды.

Анықталған тәртіп бұзу фактілеріне байланысты ҚР ӘҚтК 425-бабының 2-тармағына сәйкес хаттама толтырылып, Медеу ауданының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2020 жылдың 13 маусымынан бастап «Компания Достар-Коммерц» қызметін сот шешімі шыққанға дейін тоқтату туралы қаулысы шықты.

Қазіргі уақытта әкімшілік істің материалдары Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына беруге әзірлену үстінде.

Базар әкімшілігінен коронавирус инфекциясын жұқтырудың бірінші оқиғасын зерттеу барысында тағы 19 жағдай анықталды, ол да әкімшілік қатарынан шыққан.

Осылайша, көк базарда індетті жұқтырған қызметкерлер саны 20-ға жеткен. Сатушылар арасынан жұқтыру оқиғалары анықталмады.

Қайтыс болған адамға қатысты (Базар әкімшілігінің ұйымдастыру бөлімінің қызметкері) оның өлімінің себептерін қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жанындағы өлім себептерін зерттейтін комиссия анықтайды.

Back to top button