BasNewsЖаңалықтар

Ахуал қиындаса, HalykArena және Алматы Arena сарайларында инфекциялық стационар ашылады

Алматыда коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуал күрт нашарласа, қаладағы HalykArena және Алматы Arenaспорт кешендері базасында инфекциялық стационар ашылады. Бұл туралы бүгін онлайн брифинг кезінде қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров айтты, деп хабарлайды Basnews.kz.

«Стационарларға келіп жатқандар саны артып келеді. Төсек-орындарының тапшылығы байқалып жатыр. Бүгінде провизорлық төсек-орындар 90%-ға жүктелген, инфекциялық төсек-орындар 95% -ға жүктелген. Егер эпидемиологиялық ахуал қиындай түссе, HalykArena базасында 500 орын ашуды қарастырудамыз. Сондай-ақ, біз 150 төсек-орынға арналған «Теміржол ауруханасы» АҚ госпиталі базасында жұқпалы аурулар стационарын ашатын боламыз. Осылайша, жұқпалы ауруларға арналған 1940 төсек-орынға қосымша тағы 650 орын ашылатын болады. Жағдай одан әрі ушыққан жағдайда, «HalykArena» базасындағы төсек-орындар санын 300 төсек-орынға көбейту мүмкіндігі бар. Сол сияқты «AlmatyArena» базасында да стационар ашуға болады. Осының барлығы есептегенде, 3700-ге дейін жұқпалы аурулар орнын, провизорлық төсек-орындарын 1000-ға дейін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз жатақханалар базасында провизорлық және жұқпалы аурулар төсек-орындарын ашу мәселесін қарастыратын боламыз», – деді Камалжан Надыров.

Ол неліктен спорт нысандары таңдалғанын айтты.

«Біз қаладағы барлық бос орындардың инспекциясын жүргіздік. Инфекциялық стационар болу үшін бірқатар талаптары бар. Бұл ғимараттарды дезинфекциялық өңдеуге болады. Сондай-ақ, желдету жүйесі жақсы», – деді ол.

Қазір уақытта дәрігерлер мен мейірбикелер бригадасы құрылып жатыр.

Back to top button