BasNewsЖаңалықтар

«Қазпошта» жұмысқа қабылдау, зейнетақы төлеу және мемлекеттік сатып алу жұмыстарын автоматтандырады

«Қазпошта» АҚ жұмысқа қабылдау мен мемлекеттік сатып алу жұмыстарын автоматтандырады, деп хабарлайды Basnews.kz.

Бұл туралы «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов Фейсбуктегі «Antikor Life» сұхбатында айтып берді.

«Бірнеше жыл бұрын «Қазпоштада» ғана емес, бірнеше ұйымдарда жұмысқа орналасу бойынша қиындықтар кездесетін. Енді жұмысқа қабылдау автоматтандырылған процесте өтеді және «ортаңғы буын» еш шешімге ықпал ете алмайды. Бұл – бірінші міндет. Екіншіден, мемлекеттік сатып алу жүйесі де электронды жүйеге ауыстырылады. Барлық мақұлдау және шешім шығару процестері автоматтандырылады және бұл процесті жылдан-жылға жақсартып келеміз», – деді С. Сәрсенов.

 

«Қазпошта» басшысы бірнеше жыл бұрын шалғай ауылдарда пошта қызметкерлерінің зейнетақыны тұрғындарға толық таратпағаны туралы оқиға болғанын атап өтті. Бұл мәселе де автоматтандыру жолымен шешілмек. Соңғы жылдары зейнеткерлердің басым бөлігі банк карталары арқылы төлемақы алатын болды. Енді шамамен 500 мың зейнеткер ғана зейнетақыны қолма-қол алып келеді. Мұнда да әділетсіздікке жол бермеу үшін пошта қызметкеріне арнайы қосымшасы бар ұялы телефон берілді. Пошта қызметкері таратқан зейнетақы көлемін сол қосымшада көрсетіп отыруы тиіс. Әзірге зейнеткерлер тарапынан еш шағым түспеді.

Айта кетейік, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пен «Қазпошта» АҚ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған пошта маркаларын сатылымға шығарды.

Back to top button