BasNewsЖаңалықтарСараптама

Сіз кімсіз, Цой мырза?

Жаңа министрдің бұған дейін айтқан пікірлері мен көтерген мәселелері жайында, көпке беймәлім қырлары турасында ақпарат іздеп көрген едік. Осы ретте, әлеуметтік желідегі парақшаларын да саралап шықтық.

Медициналық сақтандыру қоры жайында…

Жаңа министр Алексей Цой 6 жылға жуық Денсаулық сақтау министрлігіндегі вице-министр қызметін атқарған. Ол – медицина саласында іске асқан реформалармен етене таныс. Мысалы, 2016 жылдың 1 шілдесінде құрылған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» турасында былай деген:

– Бұған дейінгі қор құру туралы бастама сәтсіз аяқталды. Онда кеткен қателіктерді қазір ескеріп отырмыз. Ол кезде денсаулық сақтау саласы қор құруға дайын емес еді. Алдағы уақытта бұл қателіктерді ескереміз. Қордың қаражатын тиісті органдар қатаң қадағалайды және тек медициналық қызметтерге бағытталады, − дейді  Алексей Цой.

(2015 жылы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі болған кезінде берген сұхбатынан)

Жедел жәрдем жайында…

Жедел жәрдем қызметінің жылдам келмеуіне байланысты түскен арыз-шағымдарға қатысты да өз пікірін айтқан екен.

Бұған дейін жедел жәрдем қызметі 25 минутта жететін болса, енді 18 минутта тиісті бригада науқасқа барады. Әлемдік стандарт бойынша ең алдымен жедел топ өмірі қыл үстінде тұрған, әр минуты үшін күресіп жатқан науқасқа бірінші баруы керек. Одан кейін барып, қысымы жоғарылаған науқастарға жіберілуі тиіс. Бұл әлемдік тәжірбие, − деді осыдан 2 жыл бұрын берген сұхбатында. А. Цой ол кезде Денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқарған.

 

Алекцей Цой, Денсаулық сақтау министрі, министр
Фото автордан

Дәрігерлердің жетіспеуі турасында…

Осыдан үш жыл бұрын Парижде өткен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы ұйымдастырған форумда Алексей Цой Қазақстандағы кадр мәселесіндегі проблемалар жайында айтқан екен. Бұл уақытта қазіргі жаңа министр Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі қызметінде болған еді.

– Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесі жүйелі еңбек нарығын қалыптастыруды, кадр ресурстарын толықтыру жөніндегі сапалы анализдерді, жоғары және орта медициналық білімі бар мамандарды даярлау мәселелерін қайта қарауды және кәсіптік білім сапасына қойылатын талаптарды арттыруды қажет етеді. Сондықтан кадр мәселесін жоспарлаумен айналысатын кадрлық ресурстар обсерваториясы құрылды,− дейді А. Цой.

Вице-министр кезінде айтқан А. Цойдың бұл пікірлері қазіргі кезде әлі де өзекті.

Былтыр ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы болған кезде Алексей Цой, медицинаға жаңа технологиялар мен инновациялар белсенді енгізілгенін, бізде хирургтарға көмектесетін роботтар барын, кардиохирургия саласының дамығанын, ағзаларды, буындарды трансплантациялауда жақсы табысқа жеткенімізді айтыпты.

Әлеуметтік желіде белсенді

 

 

Денсаулық сақтау саласының жаңа министрі Алексей Цой Facebook, Instagram және телеграмм каналда өте белсенді.  Жазбаларында денсаулықты күтуге, дұрыс тамақтануға, өмір сүру қағидаларына қатысты, спортпен шұғылдану турасында, тіпті қалай артық салмақтан арылу керегі жайында тұрақты түрде пайдалы жазбалар қалдырып отырады.

Алексей Владимирович Цой 1977 жылы 2 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Sells College (Лондон), Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, РФ президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративтік басқару жоғары мектебін тәмамдаған. Стэнфорд университетінде (АҚШ), Сингапурда, Мәскеуде, Германияда, Ұлыбританияда және т. б. елдерде тағылымдамадан өткен. Іскерлік әкімшілік докторы, медицина ғылымдарының кандидаты. Хирург-эндоскопист болып жұмыс істеген, қалпына келтіру хирургиясы және трансплантология орталығының аға ғылыми қызметкері, Ұлттық ғылыми медицина орталығының ішкі медицина орталығының жетекші ғылыми қызметкері, «Еуроазиаттық респираторлық қоғам» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы, ҚР Президенті Іс басқармасының заманауи медициналық технологияларды енгізу орталығының директоры, ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығының басшысы, Астана қаласының №1 қалалық ауруханасының бас дәрігері, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі қызметтерін атқарған.  2019 жылғы ақпаннан бастап осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының медициналық орталығын басқарды.

Еркежан ЖҰМАТАЕВА

Дерек көзі: aikyn.kz

Back to top button