BasNewsЖаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаевпен танысқаныма 35 жыл болыпты – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жайлы «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласы Egemen Qazaqstan газетінде жарияланды, деп хабарлайды BasNews.kz.

Тоқаев Елбасымен қалай танысқанын еске алды.
Менің Елбасын алғаш көр­геніме де 35 жылдың жүзі болып­ты. Нұрсұлтан Әбішұлы 1985 жыл­дың қыркүйегінде Қазақ КСР Ми­нистрлер Кеңесінің Төрағасы кезінде Қытайға келген еді. Ол кезде елшілікте жұмыс істейтінмін. Сон­да Үкімет басшысының қы­тай­лық­тар­мен келіссөздер барысында бай­қалған мол біліміне, тоталитаризм тұсын­да қа­лып­тасқан жайлар жөніндегі батыл ойларына, сөзінің жүйелілігіне бәрі­міз қатты разы болғанбыз. Елшілік қызмет­керлерімен бас-аяғы екі жарым сағатқа созылған бейресми әңгімеден кейін бас қос­қанымызда мен әріптестеріме қарап: «Те­гінде, біз Қазақстанның болашақ бас­шы­сымен сөйлескен шығармыз» дедім. Арада бес жыл өткенде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бас­­шы­лығына келді.
Қазақстанның Тұңғыш Прези­дентінің тәуелсіздік таңындағы алғашқы кадрлық шешімдерінің бірі менің де тағдырымды ай­қын­дап берді. «Беласу» атты кіта­бымда: «Бұл үлкен жүректі адам менің қабілетіме сенді, сенді де оны өзім туып-өскен Қазақ­стан игі­лігі үшін аямай жұмсауыма жол ашты» деп жазған болатынмын.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хат­­шы­­сының орынбасары бол­ған жылдарымда әлемге әйгілі саясат­кер­лердің Нұрсұлтан Назарбаевқа биік ба­ға берген сөздерін талай ес­­­ті­­дім. Халқымыз үшін мерей­лен­дім.
Елдің Президентіне ғана емес, емірен­ген етене перзентіне айнала білген Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев қара­пайым еңбек адам­дарының отбасында дүниеге келді, қазақ мектебінде білім алды, еңбек жолының бастауында шойын қоры­тып шыңдалды. Өзі туып-өс­кен Алатаудың асқақ шың­дарын­дай асқаралы арманына ерте қол созды. Жастайынан жұрттың жа­йын ойлады, өзі де домбыра шер­тіп, халық мұрасын жақсы білген­діктен, зиялы қауымға жақын болды. Ұйымдастырушылық қабі­леті мен еңбекке деген ерен сүйіс­пен­шілігі жас жетекшіні басқару жүйесінің ең биік шыңына алып келді. 1989 жылы маусым айында ол Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің бірінші хат­шысы болды, ал 1990 жылы сәуір айында Жоғарғы Кеңес оны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті етіп сайлады. Осылайша, сол кез­дегі әлемдік геосаясаттағы ең ықпалды елдің бірі саналатын КСРО көлеміндегі ең жас әрі ықпалды басшы ретінде көзге түсті.
Нұрсұлтан Назарбаев кә­нігі саясаткер ретінде алып елдің кетеуі кетіп, ша­ңырағы шай­қа­лып тұрғанын жақсы сезінді. Сон­дықтан да сол сындарлы шақ­та Одақ басшылары ортасында жүріп жатқан ойыннан тыс болып, интеграциялық үрдіс­тердің жақтаушысы ретінде көрінді. Бұл ұстанымы қаһарлы елдің қабырғасы сө­гілген кезде ТМД ұйы­мын құруға негіз болды. Жа­ңа мемлекеттердің құрылуына байла­нысты «югославиялық сце­­нарийдің» болғанын ескерсек, бұл шын мәнінде ықти­мал қантөгістің алдын алған сарабдал шешім болатын.

 

Әлбетте, Нұрсұлтан Әбішұлын жаһан­дық саясатта танымал еткен ең алғашқы қадамдардың бірі – Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлығы болды. Сол жылдары КСРО сияқты әскери әлеуеті зор мемлекеттің ядролық қару-жарағына ие болып қалу Қазақстанға қаншалықты ар­тықшылық бермек, әлде жаңа бір шиеленістің ошағы тұтана ма деген сауалдар күн тәртібінде тұрған-ды. Өйткені еліміздің қолындағы ядролық арсенал осы санатта әлемнің алғашқы төрттігіне қо­сылуға мүмкіндік беретін еді. Алайда, Елбасының саяси ерік-жігері арқылы қазақ ұлты әлемде ядролық сынақтан қатты зардап шеккен халық ретінде жойқын қаруды таратпау туралы бастама көтерді.

Тұңғыш Президенттің тоқ­тамын халықаралық қа­уым­дастық та оң қа­былдады. Бүгінге дейін Қазақстанның бас­тамасын қуаттаған бірқатар мемлекеттер ашық күнді тозаққа айналдырған ядролық полигондарын жауып, қолдау көрсетіп келеді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бар ғұмыры тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап бүгінге дейін Қазақ мемлекетін нығайту ісімен біте қайнасып келеді. Шетелдіктер оны заманауи Қазақстанның негізін қалаушы және көшбасшысы ретінде жақсы біледі, сыйлайды. Тұңғыш Президентіміздің мемлекет қайраткері ретіндегі қарым-қабілеті талассыз мойындалған.
Мен Елба­сымыз бен шетелдіктер арасындағы көптеген халықаралық кездесулер мен келіссөздердің куәсі болғандықтан, осыны зор жауапкершілікпен айтуға хақым бар деп ойлаймын. Ол – шын мәнінде жаһан жұртына кең танымал, халықаралық қауымдастықта айрықша беделді, әлемдік деңгейдегі саясат сардары. Елбасы бұл биікке қажырлы еңбегімен, парасат-пайы­мымен, маңдай терімен жетті.
Ендеше, біз өскелең ұрпақты барша жұрт мақтан тұтатын тарихи тұлғаның тағылымы арқылы тәрбиелеуіміз керек.
Back to top button