BasNewsЖаңалықтар

1600 өкпені жасанды желдету аппараты мен 800 жедел жәрдем көлігі сатып алынады – COVID-19 бойынша жедел штаб

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен COVID-19 мәселелері жөніндегі жедел штабтың отырысында елдегі шұғыл шешімді талап ететін бірқатар жедел мәселелер қаралды, деп хабарлайды BasNews.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Жиында мынадай мәселелер қаралды:

– өңірлерге дәрілік заттарды жедел жеткізу үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны қабылдау;

– қосымша 1600 өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппаратын, жедел медициналық жәрдем қызметінің 800 санитариялық автомашинасын, сондай-ақ сұранысқа аса ие дәрілік препараттарды (парацетамол, азитромицин, цефтриаксон, осельтамивир және басқалар) сатып алу, оларды осы аптаның соңына дейін жеткізу күтіледі.

– коронавируспен күреске тартылған медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуді жалғастыру.

Сондай-ақ Жедел штабта Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласындағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай жеке тәртіппен қаралды.

Өңірлердің әрқайсысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі проблемалық мәселелерді баяндап, қазіргі жағдайды жақсарту бойынша нақты шаралар әзірледі.

Жедел штабта COVID-19 сырқаттанушылығының өсуіне байланысты Атырау облысындағы қанағаттанарлықсыз санитариялық-эпидемиологиялық жағдай ерекше атап өтілді.

Осыған байланысты Е. Тоғжанов Атырау облысының әкімдігіне жағдайды жақсарту бойынша түбегейлі шаралар қабылдау туралы, оның ішінде қосымша шектеу шараларын қолдану туралы тапсырма берді.

Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары өңірлердің әкімдіктеріне карантин шараларының сақталуын мүлтіксіз бақылауды қамтамасыз етуді, қысқа мерзімде қосымша инфекциялық стационарларды ұйымдастыруды, қажетті жабдықтарды (ӨЖЖ, КТ және т. б.), дәрілік заттарды сатып алуды, сондай-ақ зертханалардың ПТР қуатын арттыруды тапсырды.

«Біз әр өңірдегі жағдайды Жедел штабтың ерекше бақылауында ұстайтын боламыз. Біз жұмысты күнделікті негізде республикалық және өңірлік ауқымда тыңдап, нақты жедел шаралар қабылдай отырып жалғастырамыз», – деп қорытындылады Е. Тоғжанов.

Back to top button