Дәрігерлердің коронавирустан қаза тапқандарды еске алу флешмобын кім ұйымдастырғаны белгілі болды
Шымкент дәрігерлерінің коронавирустан қаза тапқандарды еске алу флешмобын Медицина қызметкерлері қауымдастығы ұйымдастырған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова айтты, деп хабарлайды BasNews.kz.
«Денсаулық сақтау министрлігі індет құрбандарын еске алуға арналған мұндай флешмобқа бастамашы болған емес. Дәрігерлердің флешмобқа шығуы туралы бастама Медицина қызметкерлері қауымдастығы тарапынан орын алған. Денсаулық сақтау министрлігі ретіндегі біздің міндетіміз – санитарлық-эпидемиологиялық режимнің сақталуын қамтамасыз ету. Біз адамдар арасында қандай әлеуметтік арақашықтық болуы керектігін, маска тағу режимінің сақталуы керектігін еске салдық», – деді вице-министр.
Сонымен қатар ол аталған флешмобқа бастама жасаған адамдарды жазалау қарастырылмағандығын айтты.
«Меніңше, бұл жерде жаза тағайындау туралы мәселе болмауы керек», – деді Людмила Бюрабекова.
Естеріңізге сала кетейік, 13 шілде – бүкіл елімізде коронавирус індетінен қаза тапқандарды Жалпыұлттық аза тұту күні болды. Осы күні Шымкент дәрігерлері көше бойында флешмоб өткізген еді.



