ЖаңалықтарПікір

Мақсат Халық: Өзі кедей ел өзгеге қалай көмектеседі?

Өркениетті елдерде көмек көрсету агенттіктерінің болғаны дұрыс. Жауабымды негіздей кетейін. Әлемдегі мемлекеттердің бай және кедей болып бөлінетінін білеміз. Сәйкесінше, бай елдер донор ретінде мұқтаж мемлекеттерге көмектеседі. Бұл процесс қалай жүзеге асады?

ірінші кезекте жан басына шаққандағы ЖІӨ есептеледі. Әлемдік стандарт бойынша, осы ЖІӨ егер 10 мың доллардан басталса табысы орташа елдер деп саналады. Ал 10 мың доллардан аз болса кедей ел болып саналады. Ал 2 мың доллардан болса өте кедей ел деп есептеледі. БҰҰ даму бағдарламасының гумандық бағыты бойынша бай елдер кедей елдерге көмектесуі керек.

Ал Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ 2013 жылы 13600 доллар болып, даму деңгейі орташа жоғары ел санатына жатқызылды. Осыдан кейін бізге мұқтаж мемлекеттерге көмектесу міндеттелді. Сол жылдары Ауғанстан студенттерін тегін оқыту бағдарламасын қолға алдық.

Шыны керек, пандемия кезінде көптеген елдер Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсетті. Осындай көмекті алып тұрған мемлекет адамгершілік тұрғысынан алғанда кедей елдерге қол ұшын созуы керек. Әлем елдерінде «Қазақстан алуды біледі де, беруді білмей ме?»деген сұрақ туындауы мүмкін. Ол имиджімізге кері әсерін тигізеді.

Алайда, қазіргі кезде біздің жан басына шаққандағы ЖІӨ 10 мың доллардан төмен, яғни біз кедей елдердің қатарындамыз. Осы тұста «Кедей ел қалайша кедей елдерге көмектеседі?» деген сұрақ қойылуы керек. Өз басым, елдің әлеуметтік жағдайын дұрыстамай өзге елдерге көмектесуді қолдамаймын.  Біздің статистикамыз қате.

Нақты қарайтын болсақ, елімізде екі миллилон адам жұмыссыз жүр. 130 мың кедей отбасы бар. Ең төменгі күнкөріс шегі де дұрыс есептелмеген. Ол қазіргі таңда 32 мың теңге шамасында деп есептеліп отыр.  Алайда адам мың теңгеге бір күн өмір сүре ала ма?

Тағамтану академиясы бекіткен «тұтынушылық себетте» 1 мың теңгеге үш мезгіл тамақтана алады деп көрсетілген. Шындығында, ол ақшаға бір асымызды әрең алып ішеміз ғой. Одан бөлек қаншама шығындарымыз бар? Біз реалды жағдайымызды көрсетуіміз керек.  Сол кезде ешкім  қабақ түйіп қарамайтын болады.

Ал қазір Қазақстан әлемге жақсы болып көріну үшін жалған статистика жасап отыр. Осы орайда ҚР Ұлттық экономика министрлігі  қарамағындағы Статистика комитетін жеке агенттік ретінде бөліп шығаруымыз керек деген ұсынысты тастағым келеді. Ол  тәуелсіз болған кезде ғана дұрыс сандарды жинайды.

Ал қазіргі таңда бізге «KazAID» сынды агенттіктер керек емес. Алдымен жағдайымызды дұрыстап алайық.

Abai.kz ақпараттық порталы

Back to top button