
Шымкент қаласының тұрғыны Нүркен Әбдіқан өткен жылы 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жас ретінде қалалық жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, мемлекеттік грантқа тиісті құжаттарын өткізген.
Арнайы комиссияның алдында бизнес жоспарын сәтті қорғап, желтоқсан айында 200 АЕК (583.000 тг.) грант тағайындалған. Тиісті қаражат есеп-шотына түсісімен фотостудиясына қажетті құрал-жабдықтар (фотоаппарат, принтер және т.б.) сатып алып кәсібін бастап кеткен. Бүгінде ол қала тұрғындарына фотоқызметтер көрсетіп табыс тауып отыр.
– Менің жасым 26-да. Өткен жылы кәсібімді бастауға бел буып, 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жас ретінде қалалық жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, мемлекеттік грантқа тиісті құжаттар өткізгенмін. Содан бағдарлама жеңімпазы атанып, грант қаржысына қол жеткіздім.
Айта кетейік, 2021 жылы жұмыссыз 784 азамат грантқа (200 АЕК) ие болса, осы жылы бірнеше лек (поток) бойынша 1150 азаматқа тағайындау көзделген.
ГРАНТҚА КІМДЕР ҮМІТКЕР БОЛА АЛАДЫ?
— Жұмыссыз жастар (29 жасқа дейінгі);
— Аз қамтылған отбасы мүшелері (атаулы әлеуметтік көмек алушылар);
— Көпбалалы отбасылар (көп балалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар);
— Қоныс аударушылар;
— Қандастар;
— Мүгедектігі бар адамдар;
— Мүгедек баланы (балаларды) тәрбиелеп отырғандар.
«Жобаға қатысушыларға екі түрлі сертификаттың табысталуы бизнес-жоспарларын қорғауына байланысты. Комиссия алдында жобасын сәтті қорғап шыққан азаматтар әрі қарай қаржыға қол жеткізуі үшін «оқуды аяқтағандығы» туралы сертификат беріледі. Ал жобаға қатысып, алайда бизнес-жоспарын қорғай алмаған жандар «оқуға қатысқандығы жөніндегі» сертификатқа ғана қол жеткізеді.
Кез келген елдің экономикалық дамуында шағын және орта кәсіпкерліктің алар орны ерекше. Бұл сала дамыса ел де жақсы өркендейді. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау біздің елдің де басымдық берген салаларының бірі.



