
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әлеуметтік қолдау мекемелерді аралап, жұмысымен танысты. Алдымен қала басшысы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарайтын «Бақытты жанұя» орталығында болды.
Мекеменің негізгі мақсаты – аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға жаң-жақты қолдау көрсету. Бұл жерде әйелдерге арналған түрлі бағыттар бойынша оқу курстары бар. Орталық қызметіне жүгінушілер тігіншілік, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM курстары, балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед тіл кемістігі бар балалардың аналарына тыныс алу және артикуляциялық жаттығуларын үйренеді.
Сонымен бірге, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, тұрғын үй кезегіне тұру, Еgov.kz порталынан мемлекеттік қызметтерді алу көмектерін ұсынады. Жыл басынан бері орталық мамандары 7 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсетіп, психологиялық, құқықтық кеңес берген. Әлеуметтік орталықта «Неке және отбасы туралы» , «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңдарға, ҚР Еңбек кодексіне және өзге де мәселелер бойынша заңгерлік кеңес алуға болады. Мақсат мемлекет жүзеге асырып жатқан бағдарламалар туралы кеңінен түсінік беру.
Орталық тегін психолог және заңгер қызметтерінен бөлек, «Бизнес бойынша кеңес», тігін, массаж, ұялы телефон және гаджеттерді жөндеу, бау-бақша және тағы да басқа тегін курстарды үйретеді. Кәсіппен айналысқысы келетін аналардың бизнес идеясын жүзеге асыруға көмек көрсетеді. Егер аналар заңгер кеңесіне мұқтаж болса, бизнесті қалай және неден бастау керегін білмесе және отбасы тақырыптарында өзге де сауалдар мазаласа орталыққа жүгінуіне болады. Атаулы әлеуметтік көмекке тәуелді болмай, көпбалалы аналардың кәсіптік тұрғыдан дамуына арналған тегін курстар мен бизнес бастау үшін грант ұтып алу мүмкіндігі талай жанға үміт сыйлаған. Орталықта тегін білім алып, алғашқы қолдаудың нәтижесінде өз кәсібін өрге дөңгелеткендер аз емес.
Көп балалы және аз қамтылған әр жанұя “Бақытты жанұя” орталығының мүшесі бола алады. Ол үшін жеке куәлігіңізді алып, орталыққа келіп, арнайы сауалнама толтырасыз. Осылайша сіз кез келген қызмет түрін тегін алуға мүмкіндік алатын боласыз.
Қазіргі уақытта көп балалы аналар назар аударуды және қамқорлықты қажет ететін мақсатты топ болып табылады. Сондықтан жұмыс тәжірибесі мен жағдайды талдай отырып, «бір терезе» қағидаты бойынша мұқтаж жандарға ақпарат беруді үйлестіру және ұсынуды орталық қамтамасыз етуде.



