
Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылып, өз нәтижесін беріп жатыр.
Осы ретте Шымкент қаласының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы бірталай құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алуда. Мәселен, сәуір айынан бастап «Сергек Қорғау — қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен 5776 жол ережесін бұзу жайтына қатысқан 1605 жүргізуші анықталды. Оның ішінде, 49 автокөлік жалған нөмірмен тіркелген. Сондай-ақ, 1559 автокөлік айыптұраққа қойылып, қалған жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Айта кететін жайт, жол қозғалысы кезінде ережені ескермейтін жүргізушілер үлкен қауіп төндіреді. Ойланбастан жасалған сәтсіз тәуекелдің соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Осындай апаттың алдын алу барысында «Қорғау» қосымшасы тәртіп сақшыларының жұмысын жеделдетті. Яғни, автоматтандырылған жүйенің көмегімен қауіпті жүргізушіні тез арада анықтауға мүмкіндік туды. Десек те, әр азамат жол ережесін мұқият сақтауы қажет. Жол қателіктерді кешірмейді!
Сондай-ақ, Шымкент ҚПД ЖПҚБ Патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен ағымдағы жылдың 19-шілдесінен бастап «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Мақсаты — қала аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Осы орайда, Шымкент қаласы бойынша іс-шараның 24 күнінде 25 988 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 633 автокөлік айыптұраққа жеткізілді.
Атап айтқанда: техникалық байқаудан өтпеген – 662, темір тұлпар тізгінінде ұялы телефон пайдаланған – 869 тұлғаға хаттама толтырды. Жол үстінде қауіпсіздік белдігін тақпаған – 3970, басып озу немесе маневр жасау тәртібін бұзған – 423, қозғалыстың қарсы жолағына шыққан – 92, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтіп кеткен – 287, жаяу жүргіншіге басымдық бермеген – 261, авариялық жағдай туындатқан – 125, темір жол өтпелерінен өту қағидаларын бұзған – 67, көлік құралын мас күйде басқарған – 71, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 321 жүргізуші анықталды.
Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолағынан емес, кез келген жерден жолды кесіп өтпек болып, апат тудыруға себепкер болуы мүмкін дегендер саны да аз емес. 3303 жаяу жүргінші жол ережесін бұзған.
Мемлекеттік техникалық байқаудан өтпегендерге көлік құралын басқаруы үшін қайтадан тексерістен өтуі керектігі түсіндірілді.



