BasNewsНовости

Шымкентте кәсіподақ мүшелеріне «Мектепке жол акциясы» аясында көмек берілді

Бүгін еліміздің үшінші мегаполисінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкелері кәсіподағы Шымкент қалалық ұйымының ұйымдастыруымен жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясы аясында іс-шара өтті. Шарапаты мол шараға білім мекемелерінде қызмет атқаратын 10 қызметкер мен олардың мектеп жастағы балалары қамтылып, акция шеңберінде кәсіподақ мүшелерінің ұл-қыздарына қаржылай әр оқушыға 25 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.

«Мектепке жол» акциясының басты мақсаты — еліміздің ертеңі балаларға қамқорлық көрсету, олардың сапалы білім алуларына қолдау болып табылады.

Қуаныштан жүздері күлімдеп, бал-бұл жанған балаларға салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы қалалық ұйымы төрайымының орынбасары Валентина Ващенко білімді мыңды жығады деп, алдағы оқу жылын жақсы нәтижемен аяқтауларына кеңес беріп, ізгі тілегін білдірді.

Балалар жылындағы жалғасын тапқан игі шараға жиналған ата-аналар да өздерінің тарапынан ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, балаларының мектепке баруына ықпал еткен кәсіподақ ұйымының қайырлы істеріне өз ризашылықтарын білдіре келе, бүгінгі таңда кәсіподақ ұйымы қолдаушы күші екендігіне тоқталып, жұмыстарына табыс тіледі.

Шара соңында Валентина Ващенко балалар үшін ұйымдастырылған қайырымдылық ісіміз жыл сайын жалғасын табады деп қорытындылады.

Алғашқы қоңырау соғылып, балалардың мектепке барар сәті де алыс емес. Жыл сайын бағасы шарықтай түсетін оқу – құралдары мен мектеп формасын сатып алуды баршаның қалтасы бірдей көтере бермейтіндігі рас. Ал, жаңа оқу жылына даярланып жатқан ата – аналар мен балалардың осынау қарбалас сәтінде азаматтық қоғам қандай көмек қолын соза алады?!

Жыл сайын дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы мектеп оқушыларының осы сәттегі қиыншылықтарын жеңуге бағытталған игі шара. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша «Қазақстан — 2050» Стратегиясында белгіленген балалардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жаңа әлеуметтік саясатты іске асыру мақсатында ағымдағы жылғы 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығындағы «Мектепке жол» дәстүрлі жалпы республикалық акциясы өтетіндігін хабарлай отырып, қала тұрғындарын акцияға белсене қатысуға шақырамыз.

Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін материалдық және басқа да көмек көрсету.

Акция аясында халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеу, үлкенге құрмет, кішіге – ізет көрсету, жас ұрпақ бойына рухани адамгершілік дәндерін себуге бағытталған шаралар жүргізіледі. Халқымызға тән ұлттық ерекшеліктерді, мейірімділік, қайырымдылық, әділдік сынды ең асыл қасиеттерді насихаттау кеңінен өріс алады.

Жаңа оқу жылының қарсаңындағы игі бастама елімізде дарынды, білімді, алғыр, дені сау ұрпақ өсуіне ұйытқы болмақ.

Құрметті қауым, акция барысында үкіметтік емес ұйымдарды, кәсіпкерлерді және мемлекеттік органдарды, қала халқын акцияға белсене қатысуға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасы балаларына қолдау жасауға шақырамыз.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button