Новости

Шымкент: «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» акциясын өткізудің барысы қарқынды

Шымкент қаласында 2022 жылдың 8-10-қыркүйек аралығында «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» акциясы басталды. Шымкент қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы Абай АПБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі тобының қызметкерлері әйелдерге қатысты қылмыстың алдын алу және оның жолын кесу бағытында мақсатты жұмыстар атқаруда.

Атап айтсақ, бүгін тәртіп сақшылар Металлургтер саябағында студенттер мен қала тұрғындарына жаднама таратты. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.

«Отбасы — бұл қоғамның бір бөлшегі. Қоғам дамуы оның өміршеңдігіне, әл-ауқаты мен оның дұрыс қалыптасуына байланысты. Халықты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылық деректері туралы уақтылы хабарлауға және басқа адамдардың мәселесіне немқұрайлы қарамауға шақырамын», – дейді Абай ПБ ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы полиция подполковнигі Айнұр Қарабаева.

Отбасындағы өзара келіспеушіліктер көбінесе ауыр салдарға әкеп соғады және одан көп жағдайда нәзік жандылар зардап шегеді. Өмірдің сынағымен бетпе-бет келген әйелдермен жұмыс істейтін ӘЗЗҚТ-ның инспекторлары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әлеуметтік жағдайдың төмендігі себеп болатынын атап өтті.

Шымкент ҚПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша қарқынды қызмет атқаруда. Инспекторлардың негізгі қызметі — тұрмыстық жағдайда әйелдерге зорлық-зомбылық жасаудың алдын алу, оларды болдырмау, болған жағдайда сол құқық бұзушылықтың анығына жетіп, тиісті шараларды қолдану болып табылады. Мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп тұрғындар арасында профилактикалық сұхбаттар ұйымдастырылып, зардап шеккендер үшін іс-қимыл алгоритмі жазылған ақпараттық парақшалар таратылады. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң талаптары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

Тәртіп сақшылары егер зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болған жағдайда міндетті түрде 102 қызметіне немесе 111, 150 қауырт желілеріне хабар беруді сұрайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button