Новости

Артық шығындар мен келеңсіз жайларды болдырмау үшін мүлік салығын уақытылы төлеуге шақырамыз!

Ағымдағы жылдың 1 қазанында жылжымайтын мүлік және жер учаскелерінің меншік иелеріне 2021 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады.

Жеке тұлғалардың мүлік салығын есептеу, салық салу объектісіне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент қаласының филиалымен айқындалған құнға байланысты Салық кодексіндегі шкалаға сәйкес жүргізіледі.

Шымкент қаласы бойынша 220 668 жеке тұлғаларға тіркелген 252 700 салық салу объектілері бойынша 2021 жылға есептелген жалпы мүлік салығы 2 млрд.теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда салық салу объектілерінің саны 15 425-ке ұлғайып, есептелген салық 154 млн.теңгеге өсті.

Салық заңнамасына сәйкес алдағы салық сомалары бойынша хабарламалар ағымдағы жылдың шілде айында меншік иелеріне коммуналдық қызметтерді пайдаланғаны үшін төлемдерге арналған бірыңғай коммуналдық төлемдер құжаттарына енгізіліп жіберілген болатын. Бұдан басқа, «Каспий банк» мобильді қосымшасын пайдаланушыларына PUSH-хабарламалар түрінде жіберілген.

Есептелген салық туралы ақпараттарды МКК-нің «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасындағы жеке тұлғалардың алдағы төлемдерді төлеу қызметі сервисі арқылы білуге болады.

Салық төлеу мерзімінің аяқталуына небәрі, 2 күн қалса да, 50 мыңға жуық меншік иесі 700 млн.теңгеден астам салық міндеттемесін әлі орындамаған.

Есептелген салықтарды уақытылы төлемеген жағдайда, кешіктірілген әрбір күнге өсімпұл жүретін болады.

2022 жылдың 2 қазанынан бастап жеке тұлғалардың салық берешегі туралы хабарламалар борышкерлерге жолданатын болады.

Бір айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) астам берешек сомалары бойынша хабарлама табыс етілген соң 30 (отыз) жұмыс күнінен кейін берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салық бұйрығы жіберіледі. Бұл салық бұйрығы 5 (бес) жұмыс күні өткеннен кейін жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алу үшін беріледі.

Сонымен қатар, 40 АЕК-тен жоғары берешек болған жағдайда азаматқа Қазақстаннан кетуге тыйым салынуы мүмкін.

Бұл ретте, жеке сот орындаушылары берешек сомасынан басқа шоттарға тыйым салу және шығуға шектеу қоюдан туындаған қолайсыздықтар туралы айтпағанда, салық берешегі сомасының 25%-на дейінгі мөлшерде қосымша төлемді өндіріп алады.

Осылайша, артық шығындар мен келеңсіз жайларды болдырмау үшін мүлік салығын уақытылы төлеуге шақырамыз.

Салықты «e-Salyq Azamat» және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары, «Электрондық үкімет» порталы арқылы, екінші деңгейдегі банктердің бөлімшеріндегі немесе төлем терминалдарындағы қолма-қол ақша қаражатымен, сондай-ақ банкоматтар мен төлем терминалдарындағы банк карталары арқылы төлеуге болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button