Новости

Интернет алаяқтық көбейіп барады

Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. Шымкент қаласы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері интернет-алаяқтық жайттары бойынша 713 қылмыстық істі тіркеген.

Бұл статистикаға соңғы кездері қазақстандықтардың ұялы телефонына бейтаныс нөмірлерден қоңырау шалу фактілері жиілеп кеткендігі әсер еткен. Өзін банк қызметкері ретінде таныстырған «ғаламтор серкелері» әр түрлі нөмірлерден қоңырау шалады. Егер де сіз, атаулы нөмірге өзіңіз қайта қоңырау шалсаңыз, алаяқтар әлеуметтік инженерияның дәстүрлі әдісін қолданады. Ол алдымен шоттар бойынша санкцияланбаған операциялар туралы хабарлайды. Ізінен клиенттерден құпия деректерді сұрап, шотыңыздағы ақшаны «қауіпсіз» жерге аудару керектігін айтады. Осыған әбден сендіреді. Мұндай жағдайда сөйлесуді бірден тоқтатып, бұл туралы банкке немесе құзырлы органдарға хабарлау қажет.

Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларын қолдануды сұрайды.

— Дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға,

— белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге,

— күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға,

— ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға,

— кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, «спам» хабарламаларға сенбеуге шақырады.

Айта кетейік, бүгін де Шымкентте бір апта ішінде бейнекамералардың көмегімен 17 қылмыс ашылды. 2022 жылғы 19-25-қыркүйек аралығында Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының «102» арнасына 8063 әр түрлі сипаттағы қоңыраулар шалынған. Оның 3670 тіркеуге алынып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Бір апта ішінде бейнебақылау камераларының көмегімен 17 қылмыс ашылған. Оның ішінде: ұрлық — 12, автокөлікті заңсыз айдап кету — 1, ұсақ-түйекті жымқыру — 4. Бейнебақылаулар заң бұзушылықтың алдын алуға, қылмыстың ізін суытпай ашылуына үлкен көмегін тигізіп келеді. Сондай-ақ, нөлдік төзімділік қағидасы және әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 1199 жайт анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде: нөлдік төзімділік бойынша – 182, жол ережесін бұзған – 913, одан басқа да 104 жайт анықталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button