Шымкент қаласындағы су қоймаларының толуы 2% бен 65%-дың арасын құрап отыр

Шымкент қаласының аумағында 4 ірі өзен мен 27-ден астам канал ағады. Бүгінгі күнге жалпы су қоймаларының толуы 2% бен 65%-дың арасын құрап отыр. Қазіргі уақытта тасқын суларды қабылдау үшін су қоймаларындағы қор жеткілікті. Өзендердегі судың деңгейі төмен.
Шымкент қаласының аумағында су тасқынын алдын алу үшін 20 мың дана қапшық дайындалып, оның ішінен 5 ауданға 10 мың дана қап бөлінді. Бүгінгі таңда аудан әкімдіктері тарапынан жеткізілген құмды қаптау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Дайындалған қаптар қала аумағындағы су басу қаупі бар орындарға жақын жерлерге жиналуда.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың қаңтар айында аудан әкімдіктері тарапынан жалпы 63 мың текше метр қар қауіпсіз жерге шығарылды.
Қала аумағындағы су басу қаупі бар аймақтарға тікұшақ арқылы әуеден шолу жұмыстары жүргізілді. Оған Төтенше жағдайлар департаменті мен Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшылары қатысты. Нәтижесінде қаланың шеткі және қырлы жерлерде, атап айтқанда, Забадам елді мекені, 195 орам, Елтай елді мекені, Тұран мөлтек ауданы аумағында қардың көп мөлшерде жиналып жатқаны байқалды, олар күн жылынғанда еріп, оның үстінен жаңбыр жауса, су басу жағдайлары орын алуы мүмкін екендігі анықталды.
Төтенше жағдайлар департаментінің аудандық басқармаларының қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп қауіпті су басу ықтимал аймақтарға жерүсті мониторинг жүргізді. Нәтижесінде су басу қаупі бар 38 елді мекен, оның ішінде 73 көше анықталды. Қауіпті деп танылған аймақтардағы каналдар мен ирригациялық жүйелерді жиналған мұздан, қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Су тасқыны кезеңінде халықты дер кезінде хабардар ету мақсатында Департамент СМС хабарламалар мен цифрлық 26 теле және 3 радиоарналарды ұстап алу құралдары арқылы дауылды ескертулерді үнемі жариялап отырады.
Казгидрометтің хабарлауы бойынша 31 қаңтар мен 3 ақпан аралығында қала аумағында қар аралас жауын-шашын туралы дауылды ескерту жарияланды.



